Контентке өту

АСТАНАДА «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» МЕН «ҚТЖ» БАСШЫЛАРЫ ҰСТАЛДЫ

АСТАНАДА «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» МЕН «ҚТЖ» БАСШЫЛАРЫ ҰСТАЛДЫ
ашық дерек

Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында доллар купюралары салынған чемодандардың терезеден лақтырылуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оқиғадан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылары ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Koza4kov Telegram арнасының мәліметінше, белгісіз адамдар тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатынан америкалық долларға ұқсас купюралар салынған шабадандарды лақтырған. Кейін оқиға орнына арнайы киімдегі адамдар келген.

Ал 100BAKSOFF парақшасында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат жарияланды.

Бұл мәліметті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.

Ведомствоның хабарлауынша, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұрлан Жақыповты, Елжас Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдарды ұстаған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл баптар аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара алуға оқталу әрекетіне қатысты жауапкершілікті қарастырады.

ҰҚК мәліметінше, қазіргі уақытта іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді.

Ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасатынын мәлімдеді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты