Тараз қаласындағы «Жібек жолы» ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңдарын жаңарту, ауыз сумен қамту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жоба іске асырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде аумақта 243 487 адам тұрады. Аудан құрамына 5 аумақтық округ, 11 шағын аудан, 201 көпқабатты тұрғын үй және 37 мыңнан астам жеке үй кіреді. Жалпы көше-жол желісі 1 073 көшеден тұрады. Оның 674-і асфальтталған, 399-ы шағал тас жол.
2026 жылы жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын 6 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарға 101,2 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар 32 көше мен бұрылыстағы шұңқырлар жөнделді. Көше жарығын жақсарту мақсатында 22 көшеде ұзындығы 22,898 шақырым болатын жарықтандыру желілері тартылды.
Алдағы жылы да жол инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Тұрғындардың өтініштері негізінде 2027 жылы 22 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 577 млн теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылған. Көшелерді жөндеудің бес жылдық жоспары да жасалған. Бұл ретте мектептер мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға басымдық берілмек.
Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада демалуына да көңіл бөлінген. Ауданда 81 балалар ойын алаңы, 35 футбол алаңы және 1 воркаут алаңы бар. Биыл 10 нысан жөнделіп, жарықтандырылды. Сонымен қатар 173,2 млн теңгеге 8 жаңа ойын алаңы салынды. Үнемделген қаражат есебінен Қазарма және Сұлутөр алқаптарында тағы 2 ойын алаңы пайдалануға берілді.
Сумен жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тозығы жеткен желілерді жаңарту аясында Сорокин көшесінде 5,6 шақырым, Целиноградская және Шалғай Қарасу көшелерінде 4,2 шақырым су құбыры ауыстырылды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 475,1 млн теңге қарастырылып, құрылыс толық аяқталды.
Сонымен қатар жаңа қосылған аумақтарды ауыз сумен қамтуға арналған жобалар әзірленді. «Талас» жобасы бойынша 11,8 шақырым су құбырын жүргізу арқылы 274 ауланы, яғни 1 370 тұрғынды қамту көзделген. Ал «Дорожник» жобасы 150 ауладағы 750 тұрғынды сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мақсатында Ақбұлым алабына №31 бағыт ашылды. Түрксібке жаңартылған №37 автобустар беріліп, 30 сәуірден бастап бұл бағыттағы көліктер Кемел алабына да қатынай бастады. Биыл ауданда қосымша 76 аялдама орнатылып, олардың жалпы саны 327-ге жетті.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Құмшағал тұрғындары үшін жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Ал 600 орындық №27 мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте оқушыларға есігін ашты. 2027 жылы Қызыл Абадта 300 орындық, Шаңырақта 600 орындық мектеп салу жоспарланған.
Алдағы кезеңде де ауданның жол, су, жарық және әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын табады. Негізгі мақсат – әрбір тұрғын үшін қауіпсіз, қолайлы әрі сапалы өмір сүруге мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.