ШОМЫЛУ КЕЗІНДЕ НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН?
Мамандардың айтуынша, алдымен суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алған жөн. Тамақ ішкеннен кейін бірден суға түспеңіз және тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз. Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз. Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз, техникалык ескерту белгілерінің және басқа да белгісіз құралдардың үстіне шығушы болмаңыз.
Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіпі мол, себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді. Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына да әкеліп соғады. Егер тырысу болғанда жүзуді тоқтатып, суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабырлық сақтаңыз. Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз. Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп, қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз. Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.
Су иірімінен шығудың тәсілдерін де білген жөн. Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз. Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз. Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып, жағаға қарай жүзіңіз. Суда ұзақ шомылу шаршап-шалдығуға әкеліп соғады. Егер суда шаршасаңыз немесе тоңсаңыз, тез арада жағаға қайтыңыз. Сабыр сақтаңыз, әлсін-әлсін шалқалай жатып дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін жаймен дауыстап санаңыз. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз, шалқалай жатып қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.
Суық судың қауіптілігін де естен шығармаған дұрыс. Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады, ал 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады. Организмнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлердің 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады екен. Сондықтан, байқасаңыз, суық суда әрбір секунд қымбат!
Есте сақтаңыздар! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.
ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАНДАР СЕГІЗ ЕСЕ ӨСКЕН
ТЖМ полициямен бірлесіп рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда тұрақты түрде патрульдеу мен рейдтер өткізуде. Іс-шараға волонтерлер, жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда. Жыл басынан бері 55 мыңнан астам осындай шара жүргізіліп, құқық бұзған 11,5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 1 маусымнан бері 730 адам жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 8 есе артық.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүгінде еліміздің су айдындарында ТЖМ-ның 399 объектілік құтқару бекеті жұмыс істейді, олар үшін 3801 қоғамдық құтқарушы оқытылды. Сонымен қатар жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылуда. Олар су айдындарына кезекшілік пен патрульдеуді жүзеге асырады. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
Еске салсақ, бүгінгі күні республика бойынша суға шомылуға және демалуға рұқсат етілген 708 орын бар, бұл деректер «2GIS» платформасында орналастырылған.
МЫҢНАН АСА БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ
Биыл Жамбыл облысы аумағында шомылуға арналған 13 орын белгіленген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі шомылу айдындарында 4 адам суға кеткен. Оның ішінде балалар жоқ. Шомылу маусымы басталғалы жүргізілген рейдтердің нәтижесінде демалыс орындарында 1 мыңнан аса бұзушылық фактісі анықталған. Оның ішінде ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 480 адам жауапкершілікке тартылса, 500 азаматтың қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны анықталды. Ал су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 50 адам жазаланған.
Жалпы, суға түсу кезеңі басталғалы облыс аумағында 66 300 адамды қамтыған 1526 рейд жүргізіліп, 41 мыңнан астам үгіт-насихат материалдары таратылды. Осылайша, облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға судағы тәртіп ережелерін есте сақтауға кеңес беруде. Әрбір азамат су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы қажет.
«Балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеңіз. Балаларыңызды жүзуге үйретіңіз. Бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті иірім!» белгілері орнатылған жерлерде суға түспеңіз. Мас күйде шомылмаңыз. Жүзудің шекарасын белгілейтін қалтқылардан асып кетпеңіз. Шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзіп бармаңыз. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз және жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз. Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз. Осы қарапайым ережелерді ұстану сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды. Есіңізде болсын, сіздің өміріңіз және балаларыңыздың өмірі сіздің қолыңызда!», – дейді жамбылдық құтқарушылар.