Tech Orda бағдарламасы Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандық алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында былтыр еліміздегі 83 жетекші жеке ІТ-мектеп білім алушыларға 219 курс ұсынған болатын. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаланған маманның бірі – тараздық Темірлан Әбдібек.
Темірлан Әбдібек Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасы. Шаһардағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясын 2013 жылы «Алтын белгімен» аяқтаған. Кейін Алматы қаласындағы әл- Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде білім алады. IT саласына, ақпараттық жаңалықтарға кішкентай кезінен қызыққан. Ең алғаш бағдарламалау тілдерін жоғары оқу орнында үйреніп, қанатқақты жобаларын сол уақытта жасай бастаған. Қазіргі таңда Темірлан Елордада «Қазпошта» компаниясының Qazpost Digital IT филиалында IT project manager қызметін атқарып жүр. Біз кейіпкерімізден маман ретінде көп мүмкіндіктер сыйлаған Tech Orda бағдарламасы туралы сұрадық.
– Tech Orda бағдарламасы туралы IT-мектепте курс оқып жүрген кезімде білдім. Сабаққа белсенді қатысқаным үшін мектеп әкімшілігі грантқа қатысуды ұсынды. 2022 жылы осы грантпен 6 айлық веб-әзірлеу курсын тәмамдап шықтым. Оқу қиын болды деп айта алмаймын. Өзім бұл салада біраз жүрсем де, көптеген жаңа технологиялармен танысып, білімімді одан әрі жетілдірдім. Бұл орасан зор мүмкіндіктерге жол ашты. Табысым арта бастады. Негізгі жұмысымнан бөлек, Upwork платформасында тапсырыс қабылдаумен айналыстым. Тараздағы Inginirium мектебінде 6-11-сынып оқушыларына веб-әзірлеуден сабақ бердім. 8 шәкірт тәрбиелеп шықтым. Astana Hub-тың филиалы – жергілікті IT-қауымдастық бас қосатын Zhambyl IT Hub-та шеберлік сабақтарын өткіздім. IT- салада сапалы нетворкинг құрып, бүгінгі таңда IT саласындағы әріптестермен тығыз байланыстамын. Сарапшы, қазы ретінде мені түрлі хакатондарға, фестивальдерге шақырады. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты және белсенді бола бастадым. Елімізде жастарға осындай мүмкіндіктер беріліп жатқанына ризамын, – дейді Темірлан.
Айтуынша, елімізде IT саласы дамудың шешуші кезеңін өткізіп жатыр. Соңғы жылдары өте ауқымды өзгерістер байқалады. Сан түрлі отандық платформалар, fintech, edtech, medtech жобалар қарқынды дамып келеді. IT- мамандарға сұраныс артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Tech Orda бағдарламасы сол IT-маман ұғымының ішіндегі веб-әзірлеуші, 3D-дизайншы, дата талдаушы, Blockchain әзірлеуші секілді сирек кәсіп иелерін тегін оқытады. Tech Orda бағдарламасы бойынша бір рет қана грантпен оқу мүмкіндігі бар. «Әйтпесе, барлық курсты оқып шығар едім», дейді ол. Әлбетте мұндай мүмкіндікті пайдаланбау кез келген жас өрен үшін қателік болар еді. Ал, мүмкіндікті мүлт жібермеген Темірланның алға қойып отырған жоспары аз емес.
– Жоспарым – осы салада тоқтаусыз еңбек етіп, елімізде IT саласының дамуына үлес қосу. Былтыр елордаға көшіп, толықтай frontend-әзірлеу саласына ден қоюды ойға алып едім. Биыл мұны жүзеге асырып жатырмын. Стартап ашсам деген жоспарым да бар. Досым екеуміз елдегі балабақшалар дерекқорын жасап, әлеуметтік жоба ретінде халыққа ұсынуды ойластырып жүрміз. Платформада Қазақстанның кез келген қаласындағы балабақша туралы барлық мәлімет жинақталатын болады. Ата-аналардың пікірі, бағасы көрсетіледі.Бұдан бөлек, шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастырамын. Қазіргі таңда елімізде жоғары білікті мамандар жеткіліксіз, сол мамандардың көбеюіне үлесімді қосқым келеді, – дейді жас маман.
Tech Orda бағдарламасы 2021 жылдан бастап Astana Hub базасында жұмыс істейді. Пилоттық жоба Қазақстан бойынша 100 студентті қамтып, олардың әрқайсысына 600 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілді. 2022 жылы Tech Orda аясы кеңейтіліп, 3 мыңнан астам қазақстандық азамат тегін оқуға ваучер алды. Биыл да осы көлемде грант бөлінді.