
Медицина саласында 30 жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан Майра Абланқызы – бүгінде Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі. Бұл бөлімше – 55 науқасқа арналған, әртүрлі неврологиялық аурулармен ауыратын адамдарға күндізгі уақытта кешенді ем-дом көрсететін маңызды құрылым. Дәрігер өз жұмысын тек кәсіби міндет ретінде емес, адами жанашырлықпен де орындайды. Себебі жүйке жүйесімен ауыратын жандар – тек физикалық емес, психоэмоциялық жағынан да әлсіз, қолдауға мұқтаж адамдар.
Майра Көрпебаева 1969 жылы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Медицина саласына деген қызығушылығы жастайынан басталған. Арманына жету үшін Ақтөбе қаласындағы медициналық университетке оқуға түсіп, білікті невропатолог маманы болып шықты. Алғашқы еңбек жолын қарапайым дәрігерліктен бастаған ол жылдар өте тәжірибесі мен білімін ұштастырып, қазіргі таңда жетекшілік қызметке дейін көтерілді. Алайда шен мен атаққа масаттанып, шетке шегінген емес. Керісінше, әріптестері мен жас мамандарға үлгі көрсетіп, өз кәсібіне адалдық танытып келеді.
Невропатология – адам ағзасындағы ең нәзік әрі күрделі жүйе – орталық және перифериялық жүйке жүйесінің қызметін бақылап, емдеумен айналысатын сала. Бұл мамандықты меңгеру үшін тек білім мен тәжірибе ғана емес, ерекше төзімділік пен жанашырлық қажет. Майра Абланқызының айтуынша, соңғы жылдары неврологиялық аурулар көбейіп барады. Әсіресе, паркинсон ауруы, инсульт, тоқтаусыз бас ауруы, эпилепсия, жүйке жүйесінің тозуы, ұйқының бұзылуы, аяқ-қол жансыздануы, депрессиялық синдромдар – жиі кездесетін дерттердің қатарында.
– Адам ағзасы өте нәзік әрі күрделі механизм. Ол жүйелі жұмыс істеуі үшін жүйке жүйесінің қызметі мінсіз болуы керек. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда күйзеліс, стресс, ұйқысыздық, дұрыс тамақтанбау, әлеуметтік жағдайдың қиындығы сияқты факторлар адам денсаулығына, соның ішінде жүйке жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Әрбір ауру – мидың және жүйке жүйесінің белгілі бір аймағындағы дисфункцияның белгісі. Сондықтан адамдарға ең алдымен сабыр сақтау, кез келген жағдайда рухани берік болу маңызды. Өйткені жүйкесі тозған адам өмірге қызығушылығын жоғалтады. Бұл оның физикалық саулығына да әсер етеді, – дейді дәрігер.
Мамандығы бойынша біліктілігін арттырып, заманауи диагностикалық және терапиялық тәсілдерді меңгерген Майра Көрпебаева соңғы онжылдықта жүйке жүйесіне қатысты сырқаттардың күрт көбейгенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, инсульт – қазіргі таңда жиі кездесетін, өте қауіпті дерттің бірі. Инсульттің екі түрі бар: ишемиялық және геморрагиялық. Біріншісі – қан айналымының бұзылуынан туындайды, екіншісі – миға қан құйылуының нәтижесі. Бұл ауру кезінде науқастың сөйлеу, есте сақтау, қозғалу қабілеттері төмендейді немесе мүлде жоғалады. Көп жағдайда инсульттен кейін ұзақ мерзімді оңалту шаралары қажет.
– Бізге инсульт алған, сөйлеу қабілетін жоғалтқан, есін жиі жоғалтатын, қозғалысынан айырылған науқастар жиі түседі. Оларға толыққанды медициналық көмекпен қатар, психологиялық қолдау да қажет. Мидың жұмысы бұзылған кезде адамның өмір сүру сапасы күрт төмендейді. Сондықтан алғашқы белгілер байқалған сәттен бастап дер кезінде дәрігерге жүгіну – өте маңызды, – дейді Майра Абланқызы.
Одан бөлек, дәрігер ми ісігіне, жүйке жүйесінің созылмалы ауруларына да тоқталып өтті. Мұндай сырқаттар науқастан ғана емес, дәрігерден де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Невропатологиялық ауруларды емдеуде тек дәрі-дәрмекпен шектелуге болмайды. Пациенттің күнделікті өмір салты, психологиялық жағдайы, қоршаған ортасы да толық есепке алынады. Бұл бағытта Майра Көрпебаева емдеудің кешенді тәсілін қолдана отырып, әрбір науқасқа жеке көзқараспен қарайды.
– Мен үшін ең үлкен марапат – сырқат жандардың сауығып, ризашылықпен үйіне оралуы. Жылы сөз, алғыс – дәрігерге берілетін ең шынайы баға. Науқасқа туысыңдай қарамасаң, оның дертін түсініп, жеңілдете алмайсың. Қанша шаршаңқы болсақ та, жұмыста жанашырлықты жоғалтпау – біздің басты міндетіміз, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, бүгінгі күні неврологиялық аурулардың өршуі тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның алаңдауына себеп болуы тиіс. Осы бағытта халықтың салауатты өмір салтын ұстануын насихаттау, психологиялық тұрақтылықты сақтау бойынша кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қажет.
Майра Көрпебаева – медицинада ғана емес, адами болмысы жағынан да шынайы тұлға. Оның білімі мен біліктілігі, қарапайымдылығы мен жанашырлығы медицина саласындағы әріптестеріне де, емделушілеріне де ерекше әсер етеді. Ақ халатты абзал жан әрбір науқаспен тіл табысып, олардың өмірге деген сенімін арттыра біледі. Оның мамандығына деген махаббаты, жауапкершілігі – жастарға үлгі, қоғамға пайда.
Медицина – жан мен тәнге қатар әсер ететін өнер. Майра Абланқызы бұл өнерді жүрегімен сезініп, ақылмен ұштастырып келе жатқан маман. Мұндай дәрігерлер көп болса, қоғам да, адам да дені сау, рухы биік болмақ.