
Бүгінде бұл аймақта 87 этнос пен этникалық топ өкілдері бейбіт өмір сүріп, ортақ Отанымыздың өркендеуіне үлес қосуда. Осындай алуан түрлі мәдениетті бір арнаға тоғыстырып, бірлік пен келісімді сақтап келе жатқан – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы айтулы датаға орай Жамбыл облысында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен ғылыми-сараптамалық топтың кеңейтілген отырысы. Жас ғалымдар клубының ашылуы – осы бағыттағы келелі бастамалардың бірі.
Достық үйінде өткізілген «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» фестивалі этнос өкілдерінің өнері мен мәдениетін паш етті. 18 шығармашылық ұжым мен 2 жеке орындаушы халық әні, биі, аспаптар арқылы қазақ жеріндегі достықты әспеттеді. Жергілікті «Бозторғай» ансамблінің Астанада өткен республикалық фестивальде ІІ орын алуы – бұл еңбектің нәтижесі.
Этносаралық келісімнің негізін қалаушы құрылымдардың жұмысы да назар аударарлық. Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, Медиаторлар кабинеті, Журналистер клубы, «Жомарт жан» және «Ассамблея жастары» ұйымдары – өңірлік тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің тірегі.
Бүгінгі Жамбыл – тек бірлік пен бейбітшіліктің емес, мәдени әртүрлілік пен рухани үндестіктің мекені. Мұндай орта – ел болашағының кепілі.