БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жуалылықтардың тұрмысы түзеліп келеді: «Ауыл аманаты» табысқа бастады

Жуалылықтардың тұрмысы түзеліп келеді: «Ауыл аманаты» табысқа бастады
Жамбыл облысының Жуалы ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нақты нәтижесін беріп отыр. Әсіресе, ел арасында кең қолдау тапқан «Ауыл аманаты» жобасы шаруалар мен ауыл кәсіпкерлеріне үлкен серпін бергені байқалады.

Аталған бағдарлама облыс бойынша пилоттық режимде алғаш қолға алынып, кейіннен өңірдің басқа да аудандарына кеңінен тарала бастады. Бүгінде Жуалы ауданына қарасты 6 ауылдық округ – Ақтөбе, Ақсай, Жетітөбе, Қарасаз, Қызыларық және Мыңбұлақта бағдарламаның тиімділігі нақты жобалар арқылы дәлелденіп отыр.

Қомақты қаржы, нақты нәтиже

Аудан көлемінде 2019–2024 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3263 аула қамтылған. Жалпы бағыттар бойынша 5,2 миллиард теңгеден астам қаражат игерілген.

1-бағыт: үй іргесіндегі жерлерді игеру – 319 гектар.

2-бағыт: мал шаруашылығын дамыту – 16140 мал басы, 4,5 млрд теңге.

3-бағыт: ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану – 4394 гектар, 155,5 млн теңге.

4-бағыт: ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу – 61 техника, 448,9 млн теңге.

5-бағыт: кәсіп ашуға қолдау – 8 жоба, 102,1 млн теңге.

Нәтижесінде, мал басы айтарлықтай көбейіп отыр:

Мүйізді ірі қара – 25907 бас (124%)

Жылқы – 9679 бас (130%)

Уақ мал – 96369 бас (112%)

Сонымен қатар, 1130 жаңа жұмыс орны құрылып, 49 отбасы атаулы әлеуметтік көмектен шыққан.

Кәсіпкерлік – даму тетігі

Жуалы ауданының кәсіпкерлік әлеуеті де арта түсуде. Бүгінде ауданда 8 сүт өңдеу цехы тұрақты жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «Бурное сүт компаниясы», «Ақ мол-2025», «СМТС», «ALI-KO SUT 2023», «Алатау сүт өнімдері» сияқты өндіріс орындары жергілікті сүтті өңдеп, өнімге айналдырып отыр.

2023 жылы «Алатау сүт өнімдері» АӨК қосымша 20 тонналық сүт өңдеу цехын іске қосып, 5 адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, «Япоша» ЖШС үш тонна кептірілген нан өндіретін өндіріс орнын ашып, 13 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынды.

Одан бөлек, тракторшы, комбайншы, технолог сынды мамандарды даярлайтын оқу орталығы ашылып, 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Биыл Қызыларық ауылдық округіндегі Сұрым ауылында сүт өңдеу цехын ашу, Ақсай ауылында «Жуалы-Су» атауымен ауыз су өндіру жобасы іске асырылмақ. Ал құны 2,5 млрд теңге болатын құс фермасының құрылысы – аудан үшін ірі жобалардың бірі.

Инфрақұрылым – өркениет бастауы

Ауыл өмірін жақсартуда инфрақұрылымның орны айрықша. Бұл бағытта аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы көптеген көше жолдары жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру желілері жаңартылған. Биыл Жамбыл көшесіне орта жөндеу жүргізілуде. Жоба құны – 195 млн теңгеден астам. Жөндеу жұмыстарын «ПМК-109» ЖШС атқаруда.

Газ және ауыз су жүйелері толық орталықтандырылған. Қала мен ауыл арасындағы өмір сүру сапасындағы алшақтық біртіндеп қысқарып келеді.

Еңбектің еленген күні

Еңбек адамын ұлықтау – қоғам парызы. Бұл ретте, қарапайым ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Фатима Утелиева – еңбекқорлық пен табандылықтың айқын үлгісі. Қоғамдық жұмыста көше тазалаудан тартынбай, қыс-жаз демей тынымсыз еңбек етіп жүрген ана отбасын адал еңбегімен асырап отыр.

– Қыста күрек алып қар тазалаймыз, жазда көше сыпырамыз. Ең бастысы – балаларымның болашағы үшін еңбек етуге дайынмын, – дейді ол.

Мұндай мысалдар – ауыл еңбеккерлерінің қоғамға үлесін көрсететін өмірлік сабақ.
Жуалы ауданы – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі бағыт ұстанып келе жатқан өңір. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл тұрғындары өз кәсібін бастап, әл-ауқатын арттыруда. Бұл – «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалардың тиімділігі мен жергілікті биліктің дұрыс бағыттағы жұмысының нақты көрінісі.

Еңбек пен ынтымақ бар жерде – береке болары сөзсіз.

Admin
Автор

Admin

Admin

Ұқсас жаңалықтар