
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде елімізде жасанды интеллект дәуірі басталғанын айтып, цифрлық трансформацияны барлық салаға енгізу қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан толық цифрланған елге айналуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін «Цифрлық кодекс» қабылданып, жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректермен жұмыс істеу сияқты бағыттар заң жүзінде бекітіледі. Сонымен қатар, жаңа құрылым – Жасанды интеллект министрлігі құрылады.
Президент өз Жолдауында жеті негізгі міндетті айқындап берді. Соның бірі – инвестиция тарту. Енді заңсыз активтерді қайтарумен айналысқан комитет шетелдік және отандық инвесторлардың құқығын қорғайтын орган ретінде жұмыс істемек. Жоғары технологиялар саласына кемінде 1 миллиард доллар тарту көзделуде. Бұл тапсырманы орындау үшін Премьер-министрге 10 күндік мерзім берілді. Мемлекет басшысы отандық банктерді де сынға алып, олар тек халыққа тұтынушылық несие берумен айналыспай, өндіріс пен инновациялық жобаларға қаржы құюы тиіс екенін айтты. Бұл ұсыныс жаңа банктік заңнамада ескеріледі.
Президент Алматы маңында бой көтеретін жаңа инновациялық орталық – Alatau City-ге ерекше тоқталды. Бұл қала толық цифрлық форматта жұмыс істеп, Smart City технологиялары, криптовалютамен төлем жасау мүмкіндіктері және жасанды интеллектпен басқару сияқты заманауи шешімдерді қамтуы тиіс. Бұл – Қазақстанның болашақ келбетін көрсететін қала болмақ.
Мемлекет басшысы елдегі инфляция деңгейіне де назар аударып, қарапайым халықтың табысын азайтып жатқанын ашық айтты. Қиындықтарды шешу үшін кейде халыққа ұнамауы мүмкін, бірақ қажет шешімдер қабылдау қажет екенін ескертті. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі де көтерілді. Өткен жылы 163 жаңа өндіріс іске қосылғанымен, бұл жеткіліксіз деп бағаланды. Осы орайда, жаңа зауыттарға қуат көзі қажет екенін айтқан Президент атом электр станцияларын салуды жеделдетуді тапсырды. Қытаймен атом энергетикасы саласындағы стратегиялық серіктестік те осы мақсатта жүзеге аспақ.
Ауыл шаруашылығына биыл 1 триллион теңге бөлінгенімен, саладағы басты мәселе – пайдаланылмай жатқан жерлер. Миллиондаған гектар егістік пен жайылым иесіз күйде жатыр. Президент бұл жерлерді қайтарып, нағыз жұмыс істейтін азаматтарға беру керек деді. Сондай-ақ, жер қатынастарына қатысты барлық шешімдер цифрлық форматта, электронды конкурс арқылы қабылдануы тиіс. Бұл қағазбастылық пен жемқорлықты азайтуға сеп болады.
Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық хабқа айналуы – стратегиялық мақсаттардың бірі. Биыл ұзындығы 836 шақырымды құрайтын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Сонымен бірге, «Бақты – Аягөз», «Қызылжар – Мойынты» бағыттары мен «Сексеуіл – Бейнеу» автожолының құрылысы жеделдетіледі. Вагон тапшылығы мәселесін шешу үшін Астанада жаңа зауыт ашылып, заманауи жолаушылар вагондары шетелдік инвесторлардың қатысуымен жасалатын болады.
Бизнес пен мемлекеттік басқару жүйесін жеңілдету мәселесіне де баса назар аударылды. Қазіргі таңда елде 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар. Олардың көпшілігі бір-біріне қайшы келеді. Сонымен қатар, елімізде мемлекеттің үлесі бар 25 мыңдай ұйым жұмыс істейді. Президент бұл құрылымдардың басым бөлігінің қызметі тиімсіз екенін айтып, мемлекеттің экономикалық белсенділігін қысқартуды тапсырды.
Көші-қон мәселесі де назардан тыс қалмады. Президент облыс әкімдерінің салық түсімін тиімсіз жобаларға жұмсап, халықтың әлеуметтік жағдайына мән бермейтінін сынға алды. Соның салдарынан халық Астанаға қоныс аударуға мәжбүр. Бұл үдеріс бақылауға алынып, көші-қон деректері бірыңғай цифрлық жүйеге енгізіледі. Еліміздегі барлық салаларда жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесі енгізілмек. Осыған байланысты Үкіметке «Digital Qazaqstan» атты тұжырымдамалық құжат әзірлеу тапсырылды.
Мемлекет басшысы еліміздің болашағы цифрлық даму мен жаңа технологияларда екенін анық аңғартты. Енді бұл бастамаларды нақты жүзеге асыру – Үкімет пен әкімдердің тікелей жауапкершілігі.