
Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, сатып алынған автобустардың 14-і №50 маршрутқа қызмет көрсетеді. Бұл маршрут Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылынан басталып, «Ауыл-Береке» базары, Төле би, Жамбыл даңғылдары, Сүлейменов, Тұрысов, Шостакович және Б. Момышұлы көшелерін қамтиды. Автобустардың қозғалыс жиілігі – 13 минут.
Ал қалған 10 автобус №3 маршрутқа бағытталған. Бұл маршрут Шайқорық, Танты алқаптарынан басталып, «Ұлы Дала» шағынауданы, Сүлейменов, Желтоқсан, Төле би, Б. Момышұлы, Шостакович, Саңырақ батыр көшелерін қамти отырып, «Арай», «Арай-2» шағынаудандары мен «Бәйтерек» шағынауданындағы қалалық және облыстық балалар ауруханасына дейін қатынайды. Бұл бағытта автобустар әр 12 минут сайын жүреді.
Қазіргі таңда қалалық жолаушылар тасымалына 8 мекеме қызмет көрсетіп отыр. Қосымша бағыттар ашу нәтижесінде маршруттар саны 43-тен 45-ке дейін артты. Қаладағы жылжымалы құрам саны 492 автобусқа жетті.
2024 жылы жеткізілген 155 жаңа автобустың арқасында жаңадан 3 маршрут (№13, 18, 41) ашылды. Сонымен қатар 10 маршруттың (№16, 28, 33, 34, 40, 44, 46, 54, 55, 61) автобустары толық, 4 маршруттың (№12, 23, 27, 29) автобустары ішінара жаңартылды.
2023–2025 жылдар аралығында жаңадан 13 жолаушы маршруты ашылды. Оның ішінде 2025 жылы – №37, 62, 31, 50 бағыттары іске қосылды. Нәтижесінде жалпы бағыттар саны 45-ке жетті. Биыл ашылған жаңа маршруттар Байзақ және Жамбыл аудандарынан қалаға қосылған елді мекендерге қатынайды.
Жыл басынан бері 47 автобус жеткізілсе, бүгін жеткізілген 24 автобуспен бірге бұл көрсеткіш 71 бірлікке жетіп отыр.