
Жоба алғаш 2019 жылы Әулиеата өңірінде пилоттық түрде жүзеге асып, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Арада бірнеше жыл өткен соң, яғни 2023 жылдан бастап бұл бастама бүкіл ел аумағына таралып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл тұрғындары үшін нақты қолдау құралына айналды. Себебі Қазақстан халқының үштен бірі ауылда тұратынын ескерсек, ауылдағы өмір сапасының жақсаруы тұтас мемлекеттің әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
Бағдарламаның басты артықшылығы жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген несие. Мұндай несиеге қол жеткізу үшін ауыл тұрғынына аса ауыр талаптар қойылмайды. Қайтару мерзімі де ұзақ жалпы бағыттар бойынша 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығымен айналысатындарға 7 жылға дейін. Бір азаматқа 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал кооператив құру арқылы 8 мың АЕК-ке дейін несие алуға мүмкіндік беріледі. Бұл ауыл тұрғындары үшін бұрын-соңды болмаған үлкен мүмкіндік.
Жоба шеңберінде 2023-2024 жылдары республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлінсе, оның 107,9 миллиард теңгесіне 16 мыңнан аса шағын несие беріліп, 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Ал 2025 жылы 50 миллиард теңге қарастырылып, ол қаражат біртіндеп үлестіріліп жатыр. Нәтижесінде тағы 8 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, биылғы жылдан бастап несие алу тәртібі жеңілдеп, жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл жүйе өтінімдерді қабылдауды жеңілдетіп қана қоймай, барлық үрдісті ашық жүргізуге және құжат жинау жүктемесін азайтуға мүмкіндік беруде.
Жоба іске қосылғалы бері республика бойынша 540-тан астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, олардың 537-сіне 12,1 миллиард теңге бөлінді. Кооперативтердің басты ерекшелігі «айналмалы несие» жүйесі арқылы қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызуы. Яғни, несие қайтарылған соң, ол қаражат басқа азаматтарға беріледі. Осы тетік арқылы қосымша 7 миллиард теңгеге жуық қаржы игеріліп, тағы мыңға жуық шағын несие берілген. Мұндай жобалар ауылда кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін бергені сөзсіз. Бұл ретте Ақтөбе, Түркістан және Әулиеата өңірлері алдыңғы қатарда тұр.
Президент тапсырмасымен ауыл мен шағын қалаларда тауарлық несие беру жүйесі де іске қосылды. Бұл жүйе аясында мал, ауыл шаруашылығына қажетті техника және құрал-жабдықтар тікелей тауар ретінде берілуде. Мұндай қолдауға жұмыссыздар, кепіл мүлкі жоқ азаматтар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар да қол жеткізе алады. Биылдың өзінде осы жүйе аясында 300-ге жуық жылқы, 1600-ден аса ірі қара және 4500-ден астам қой-ешкі үлестірілген.
Мойынқұм ауданы аталмыш жобаны алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған өңірлердің бірі. Бұл жерде жоба бес негізгі бағытта іске асырылып отыр. 2019-2023 жылдары аралығында ауданның 8 ауылдық округінен 448 аула қамтылып, ауыл шаруашылығын жандандыру бағытында қомақты қаражат бөлінді. Атап айтсақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 10,7 миллион теңге, 1700-ге жуық мал сатып алуға 382 миллион теңге, ауыл сыртындағы жер үлесін игеруге 24 миллион теңге бағытталған. Сонымен қатар «Айдарлы Агро» кооперативі 78,9 миллион теңгеге 12 техника алып, техника паркін жаңартқан.
Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтері де бұл жоба арқылы айтарлықтай қолдауға ие болды. Бірлік округінде 67 тұрғын 440 сиыр, 180 уақ мал, 254 жылқы сатып алса, «Байбара Агро» кооперативі 120 миллион теңгеге 17 техника алды. Қызылталда 51 тұрғын 240,8 миллион теңгеге мал сатып алса, Қызылотауда 23 адам 94,6 миллион теңгеге ірі қара мен жылқы алған. Осы тәрізді нәтижелер барлық округтерде байқалады.
Биназар ауылдық округінде де жобаның игілігі анық сезілуде. 2022 жылы бұл ауылда 67 тұрғынға 226 миллион теңге несие беріліп, 1073 сиыр, 170 қой, 265 жылқы сатып алынған. «Биназар Агро» кооперативі 61,8 миллион теңгеге 15 техника сатып алды. Бұдан бөлек, жоба аясында наубайхана мен асхана ашылып, ауыл тұрғындарына жаңа қызмет түрлері ұсынылуда.
Биназар ауылының тұрғыны Берікбай Қиясов та бұл жобаның шапағатын көріп отырғандардың бірі. Ол жоба арқылы 7-8 миллион теңге несие алып, биелер сатып алған. Қазір екі үйір жылқысы бар, көктемнен күзге дейін қымыз өндіріп, табыс тауып отыр. Артылған жемшөпті сатып, қосымша пайда көзін қалыптастырған. Қорасында сиыр мен қойы да бар. Берікбай ақсақалдың айтуынша, ауылдағы тіршілікті ілгерілетудің жалғыз жолы – өз кәсібіңді дөңгелету, ал оған «Ауыл аманаты» жобасы үлкен көмек беріп отыр.
Ауыл әкімінің де елге жанашырлығы ауылдың дамуына оң ықпал етіп отыр. Ауылда инфрақұрылым жақсарып, су арналары тазаланып, жаңадан көшелер салынуда. Ауыл жастары өз елінде қалып, шаңырақ көтеріп, ата-анасының жанында тұрмыс құрып жатқаны ауыл қарияларын қуантпай қоймайды. Бұл ауылдың болашағы барын, жобаның шын мәнінде халыққа пайдалы екенін көрсетеді.
Мойынқұм ауданының жетістігі еліміздегі барлық ауылдарға үлгі. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындары тек қаржылай емес, рухани демеу де тауып отыр. Ел экономикасын көтеретін бірден-бір тірек – ауыл екенін ескерсек, осындай жобалар ауылдың ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағына салынған инвестиция деуге толық негіз бар.