
Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ауылішілік көшелерді толық қамтиды. Атап айтқанда, 62,1 шақырым облыстық, 48 шақырым аудандық жолдар және 330,4 шақырым елді мекен көшелері жөнделіп жатыр. Сонымен қатар 17,7 шақырым көше мен 5 көпір құрылысы, 8 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ең үлкен үлес орташа жөндеуге тиесілі 438,8 шақырым.
Жобалардың ішінде 21-і 2024 жылдан өтпелі, 23-і 2026 жылға ауысатын жобалар болса, қалғаны осы жылы басталған жаңа жұмыстар. Жоспарға сәйкес, барлық жөндеу жұмыстары 1 қарашаға дейін толық аяқталуы тиіс.
Жобаларды аудан-ауданға бөліп қарағанда, облыстық маңызы бар 7 жобаның алтауы аяқталған, біреуі келесі жылға өтеді. Аудандық деңгейде 17 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның екеуі Қордай және Жамбыл аудандарында әлі жалғасуда. Қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстары аясында 15 жоба бар, оның 14-і келер жылға өтеді. Ал елді мекен көшелерін орташа жөндеу бойынша 145 жоба қарастырылып, бүгінгі күнге дейін 113-і аяқталған. Қалған 32 жобада жұмыс жүріп жатыр. Олар Тараз, Қордай, Жамбыл, Жуалы, Талас, Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Рысқұлов және Шу аудандарын қамтиды.
Жол сапасын бақылау жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді. Бұл ретте басқарма «Жол активтерінің сапа орталығы» мекемесімен 279 миллион теңгеге шарт жасап, 248 инспекциялық тексеріс ұйымдастырған. 1079 сынаманың 222-сінде кемшіліктер анықталған. Бұл жалпы көлемнің 21 пайызына тең. Сәйкессіздіктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, 3,7 миллион теңгеге тұрақсыздық айыппұлдары салынған. Бір мердігер жосықсыз деп танылып, тағы екеуіне қатысты сот процестері жалғасуда. Аудан әкімдіктері де үш мердігерге қатысты осындай талаппен сотқа жүгінген. Қазірге дейін бір мердігер жосықсыз деп танылып отыр.
Жолдардың қыста қауіпсіз әрі қалыпты жағдайда болуын қамтамасыз ету үшін де нақты қадамдар жасалып жатыр. Қысқы күтім жұмыстарына 385,5 миллион теңге қарастырылып, 21 мердігер мен 178 техника жұмылдырылмақ. Қажетті материалдардың қоры жасақталуда: жоспарланған 14 925 тонна құмның 7075 тоннасы, 1500 тонна техникалық тұздың 860 тоннасы дайындалған. 25 қазаннан бастап қысқы дайындық жұмыстарының нақты орындалуы жергілікті билік, полиция және төтенше жағдайлар өкілдерінің қатысуымен тексеріле бастайды.
Жамбыл облысында жол сапасын арттыру мен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Инфрақұрылым саласына бөлінген қомақты қаржы тиімді игеріліп, жұмыс барысы қатаң бақылауға алынған. Халық үшін маңызды саналатын жол мәселесіне салғырт қарауға жол берілмей отыр.