Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің есептегіш құралдарына қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұл талаптар бірыңғай техникалық стандартты қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған жобаның негізгі мақсаттарының бірі – су есебін толық цифрландыру. Есептегіш құралды телеметриядан есептегіш құралмен технологияларға ауыстыру, деректерді автоматты түрде қашықтан жинау жүйесіне көшу және «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының Бірыңғай цифрлық платформасын құру көзделген.
Енді бүкіл республика аумағында су есептегіш құралдары үшін деректерді сымсыз беру технологиясының базалық стандарты ретінде NB-IoT (Narrowband Internet of Things) және LoRaWAN (Long Range Wide Area Network) технологиялары белгіленді. Бұл технологилар ұялы байланыс операторларының лицензияланған желілері арқылы жұмыс істейді. Мұндай шешімнің қабылдануына келесі факторлар негіз болды: лицензияланған жиіліктердегі деректердің жоғары деңгейде қорғалуы, кепілдендірілген қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін тұрақты инфрақұрылым және ТКШ-ның Бірыңғай цифрлық платформасымен республикалық ауқымда үйлесімділігі.
Сонымен қатар, жаңартылған қағидаларға сәйкес, әрбір жаңа есептегіш құрал деректерді автоматты түрде ақпараттық-өлшеу жүйесіне (АӨЖ) және энергия тұтынуды автоматтандырылған есепке алу жүйесіне (ЭТАЕЖ) беретіндей етіп орнатылуы тиіс. Бұл ретте криптографиялық қорғау, APN (Access Point Name) арқылы қолжетімділікті шектеу және байланыс арналарының резервтелуі қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ есептегіш құралдар «Smart Turmys» ТКШ Бірыңғай цифрлық платформасымен екіжақты байланыс орнатуы тиіс.
Сумен жабдықтаушы ұйымға АӨЖ есептегіш құралдармен бірге жеткізіледі. Водоканал ақпараттық-өлшеу жүйесінде жиналған деректер базасына толық қолжетімділік үшін қайтадан төлем жасамайды және жүйені қолдану мерзімі бойы оны дербес пайдалану құқығына ие болады.
Абоненттердің кіреберісіндегі жаңа есептегіш құралдар суды қашықтан басқаруға арналған автоматты жабу клапанымен жабдықталады. Бұл функцияны пайдалану тек заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес сумен жабдықтаушы ұйымның уәкілетті қызметкерлері арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, азаматтардан жұмыс істеп тұрған есептегіш құралдарды міндетті түрде ауыстыру талап етілмейді. Бұрын орнатылған құралдар олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолданыла береді. Жаңа талаптар тек алғашқы орнату немесе істен шыққан құралды ауыстыру жағдайларына ғана қатысты. Электрондық есептегіш құралдарды өндірушілер кемінде бес жылдық кепілдік мерзімін қамтамасыз етуге міндетті.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 295 бұйрығы (2026 жылғы 3 наурыздағы № 77 редакциясында) 2026 жылғы 27 наурызда күшіне енді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде 2024 жылдың желтоқсан айында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Жоба 2025–2029 жылдар кезеңіне есептелген және қолданыстағы инфрақұрылымды заманауи талаптар мен экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сәйкес жаңғыртуға бағытталған.
Бұйрықтың толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2500036616