Контентке өту

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕКІ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕКІ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Геотехника» және «STEAM құрылыс материалдары мен конструкциялары» ғылыми зерттеу және сынақ зертханаларының ресми түрде ашылуы өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жаңа зертханалардың лентасын оқу орнының Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев, «Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми зерттеу институты» Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры Мұхан Байтемиров және «Табыс жоба» ЖШС директоры Балғын Тұрлыбаева қиды.

Рәсім барысында Сейтжан Орынбаев жаңа зертханалар ғылыми-зерттеу қызметін күшейтуге және инновациялық жобаларды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Проректор бұл орталықтардың студенттер мен жас ғалымдар үшін тәжірибелік база ретінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Ашылған жаңа зертханалар «Қазақстанның су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқарудың ресурс үнемді технологияларын дайындау, инновациялық инжиниринг орталығын құру» ғылыми бағдарламасы аясында іске қосылды. Бұл бағдарлама еліміздегі құрылыс, су шаруашылығы және инженерлік инфрақұрылым салаларындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Жаңа «Геотехника» ғылыми зерттеу және сынақ зертханасында құрылыс нысандарының іргетасын құрайтын топырақтардың физикалық, механикалық және деформациялық қасиеттерін анықтау бойынша кешенді зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстарға арналған топырақ үйінді бөгеттерінің поликомпонентті құрамдарын зерттеу, олардың беріктігі мен тұрақтылығын бағалау жұмыстары атқарылады.

Ал «STEAM құрылыс материалдары мен конструкциялары» зертханасы құрылыс материалдарының заманауи қасиеттерін зерттеуге бағытталған. Мұнда бетонның беріктік сипаттамалары, су өткізбеу қасиеті, суыққа төзімділігі, полимерцементті және фибробетон материалдарының технологиялық ерекшеліктері жан-жақты талданады. Бұл зерттеулер құрылыс индустриясында қолданылатын материалдардың сапасын арттыруға және жаңа инновациялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында қатысушыларға зертханалардың техникалық мүмкіндіктері мен соңғы үлгідегі жабдықтары таныстырылып, презентациялық көрсетілім ұйымдастырылды. Сонымен қатар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу бағытындағы нетворкинг кездесулер өтті.

Мамандардың айтуынша, аталған зертханалар құрылыс саласындағы топырақ негіздерінің беріктігін стандарт талаптарына сай бағалайтын, құрылыс материалдары мен конструкцияларының сапасын сенімді түрде анықтайтын заманауи ғылыми-инновациялық орталықтарға айналмақ.

Жиын соңында қатысушылар құрылыс саласымен инженерлік зерттеулердегі өзекті мәселелерді талқылап, болашақта бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты