Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастармен экологиялық кездесу өтті
- author Admin
- Бүгін, 09:04
- 1
Кездесу барысында акцияның маңызы жан-жақты түсіндірілді. Белсенді жас А. Лесбек «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тек қоқыс жинау шарасымен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, акция қоғамды табиғатқа жанашыр болуға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыратын маңызды қозғалыс. Әр азамат өз ауласы мен туған өлкесіне жауапкершілікпен қарағанда ғана келешек ұрпақ үшін экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі жағымды орта қалыптасады.
Экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған осындай шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылуда. Мәселен, Жамбыл ауданының жастары Аса өзенінің жағалауын тазарту жұмыстарын жүргізді.
Облыс тұрғындары тазалыққа қатысты өтінімдерді «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі – телеграм-бот арқылы жолдай алады. Жыл басынан бері бұл платформаға 745 өтінім түсіп, олардың басым бөлігі аумақтарды қоқыстан тазарту, көшелерге асфальт төсеу және жолдарды күтіп-ұстау мәселелеріне қатысты болды.
Жалпы акцияға 109,4 мың адам мен 1,8 мың кәсіпорын және мекеме қатысты. «Таза Қазақстан» аясында 56 тарихи-мәдени ескерткіш, 100,5 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 шақырым көше жолдары, 858,8 шақырым арықтар мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы тазартылды. Барлығы 12,1 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.


