Қазақстанның жасыл энергияға бетбұрысы: аймақтардағы жаңа жобалар мен болашақ жоспарлар
- author Admin
- Бүгін, 09:09
- 5
Соңғы жылдары облыс аумағында жүзеге асқан жобалар осының айқын дәлелі. Мәселен, Сарысу ауданында «Жаңатас жел электр станциясы», Жамбыл ауданында «Айша күн шуақ» күн электр стансасы, сондай-ақ Талас пен Шу аудандарында да бірқатар ауқымды жобалар іске қосылды.
«Жасыл экономиканы» дамыту және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тарту мәселесі бұған дейін Астана қаласында өткен 26-шы климаттық саммитте де кеңінен талқыланған болатын. Аталған жиында АҚШ, Нидерланды, Канада елшілері, Халықаралық энергетика агенттігі өкілдері, ЕҚДБ мен ірі компаниялар сарапшылары Қазақстандағы «жасыл» энергияның әлеуетіне оң баға берген еді.
Саммиттен кейін еліміз «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асырудың 2021–2030 жылдарға арналған жаңартылған жоспарын қабылдады. Еуропалық одақпен ынтымақтастықта әзірленген бұл құжат экологиялық сын-қатерлерді еңсеруді және Қазақстанның ұзақ мерзімді «жасыл» міндеттемелерін орындауды көздейді.
Облыста табиғи қуат көздерін игеру тұрақты қарқынмен жалғасуда. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты бірнеше жүз мегаватты құрайтын 22 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 6 су, 10 жел және 6 күн электр стансасы бар. Соған қарамастан, ел көлемінде баламалы энергиядан алынатын қуат әлі де толық қажеттілікті өтей алмай отыр. Сондықтан еліміздің географиялық орналасуы мен климаттық мүмкіндіктерін ескере отырып, «жасыл» энергетиканы дамыту басты бағыттың біріне айналды. Сарапшылар Қазақстанда жылына 1 триллион киловатт сағатқа дейін энергия өндіруге мүмкіндік бар екенін айтады.
ЭКСПО-2017 көрме қалашығының толықтай баламалы энергия көздеріне негізделіп салынуы да еліміздің әлеуетін дәлелдей түсті. Облыс аумағында іске асырылып жатқан жобалар да оны қуаттайды. Мысалы, қуаты 100 мегаватт «Жаңатас жел электр станциясы» 40 турбинамен жұмыс істесе, Қытайдың «China Power» компаниясы Сарысу ауданында қуаты 400 мегаватт болатын, келешекте 900 мегаватқа дейін ұлғайтылатын жаңа жел паркін салуды жоспарлауда.
Сонымен қатар, «Шоқпар» жел электр стансасында 22 турбина орнатылып, жалпы қуаттылықты 200 мегаватқа жеткізу көзделуде. Айша бибі ауылындағы «Айша күн шуақ» стансасы 50 мегаватт энергия өндіруде. Шу ауданындағы 9,2 мегаваттық «Тасөткел» су электр стансасы жылына 45,6 миллион киловатт сағат қуат бере алады. Қарақыстақтағы 2,3 мегаваттық СЭС ауданның 25 пайыз энергия қажеттілігін өтеуге қабілетті. «Меркі-3» шағын СЭС-і де өңір үшін тиімді жобаға айналды.
Қазақстанның 2050 жылға қарай баламалы энергия үлесін 50 пайызға жеткізу жоспары аясында облыста 2020–2030 жылдарға арналған энергетикалық болжам картасы жасалды. Онда жиынтық қуаты 836 мегаватты құрайтын 12 жоба қамтылған. Сонымен бірге өзендер мен су қоймалары бойында жаңа СЭС-тер салу жоспары да әзірленген. Жалпы 2030 жылға қарай облыстағы энергия өндіретін нысандар санын 32-ге жеткізіп, 1251 мегаватт қуат өндіру көзделіп отыр.
Жамбыл ауданындағы «Родина» күн электр стансасының құрылысы да осы жобалардың қатарында. Соңғы жылдары өңірде баламалы энергия өндірісінің жүйелі дамуы – «жасыл экономика» белдеуінің қалыптасуына жол ашуда.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып, еліміздің экологиялық әрі энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамға айналып отыр.


