Жамбыл ауданы Жастар орталығы «Таза Қазақстан» акциясы аясында Аса өзенін қоқыстан тазартты
- author Admin
- Бүгін, 09:14
- 4
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен шараға 20-ға жуық ерікті жас қатысып, табиғатты қорғауға бағытталған игі істің алғы шебінде болды.
Акция барысында қатысушылар өзен жағалауындағы пластик бөтелкелерді, қағаз қалдықтарын және тұрмыстық қоқыстарды жинады. Нәтижесінде шамамен 10 қапқа жуық қалдық шығарылып, өзен маңы айтарлықтай тазартылды. Бұл – аудан аумағындағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жастар орталығының өкілдері мұндай шаралардың табиғатты қорғау мәдениетін арттыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Олар қоғамды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырып, әр азаматтың экологияны жақсартуға үлес қоса алатынын жеткізді.
Аса өзені бойында өткен тазалық жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясының мақсатымен үндесіп, аудан жастарының белсенділігі мен табиғатқа деген жанашырлығын көрсетті. Алдағы уақытта да Жамбыл ауданы Жастар орталығы экологиялық бастамаларды жалғастырып, өңірдің тазалығын сақтауға бағытталған шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.


