«Екі күн бойы әуежайда қалып қойдық»: жолаушылар Атырауда рейстердің жаппай кешіктірілуіне шағымдануда
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 13:05
- 2
Жолаушылардың айтуынша, Атырау әуежайындағы ұшу-қону жолағының жағдайы нашарлауына байланысты рейстер жаппай кейінге шегеріліп немесе мүлде тоқтатылған. Кейбір жолаушылар ұшақпен Атырауға жеткенімен, қайтадан Астанаға оралуға мәжбүр болғанын айтады.
«Біз ұша алмай, Атырау әуежайына қайта оралдық. Қону жолағы жабық болды. Екі күннен бері осында қалып қойған жолаушылар бар», – дейді олар.
Жолаушылардың сөзінше, жағдай бірнеше рет қайталанып, күту уақыты бірнеше күнге созылған. Кейбірі өтемақы мен көмек мәселесінің қалай шешілетінін білмей отырғанын жеткізді.
«Air Astana әуежайдың кінәсін айтып, өтемақы берілмейтінін хабарлады. Мұндай жағдайда жолаушыларға қандай да бір көмек қарастырыла ма?» – деп жазды жолаушылардың бірі.
Әлеуметтік желілерде Атырауда қалып қойған өзге жолаушылар да пікір қалдырған. Олардың айтуынша, кейбір авиакомпаниялардың рейстері ұшып жатқанымен, Air Astana-ның жоспарланған рейстері қайта-қайта кейінге шегерілген.
Бұған дейін Air Astana әуе компаниясы рейстердің қайта жоспарланғанын ресми түрде мәлімдеген болатын. Компанияның хабарлауынша, ұшу-қону жолағындағы үйкелістің төмен болуына байланысты 15 қаңтарда кешкі уақытта Атыраудан және Атырауға бағытталған барлық рейстер 16 қаңтарға ауыстырылған. Атап айтқанда, Астана, Алматы және Амстердам бағытындағы бірқатар рейстердің уақыты өзгертілген.
Әуе компаниясы жолаушыларға тамақ пен сусындар берілетінін, ал рейстердің мәртебесін ресми сайт пен мобильді қосымша арқылы бақылауға болатынын атап өтті. Қосымша сұрақтар бойынша жолаушыларға тұтынушыларды қолдау орталығына, сенім телефонына немесе онлайн чатқа жүгіну ұсынылады.


