Жамбыл облысында табиғи ресурстарды қорғау жүйелі түрде күшейтілуде
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 09:10
- 297
Оның айтуынша, өңірде жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау, орман қорын ұлғайту, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, браконьерлік пен заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу басты басымдықтардың бірі болып отыр.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
Қазіргі таңда Жамбыл облысының аумағында 11 ерекше қорғалатын табиғи аумақ жұмыс істейді. Оның алтауы республикалық, бесеуі облыстық маңызға ие. Аталған аумақтардың ішінде сегіз зоологиялық, бір ботаникалық және екі кешенді нысан бар.
2025 жылы аумағы 86,6 мың гектарды құрайтын «Мерке» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды. Парк сирек кездесетін қар барысын қорғау және экологиялық туризмді дамыту мақсатында ашылған. Бұл аумақта Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, түркістан сілеусіні, алатау арқары мен үнді жайрасы мекендейді.
Орман қоры және орман өсіру
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4,4 млн гектарды құрайды. Бұл өңір аумағының 30,8 пайызына тең. 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 140,8 млн көшет отырғызу көзделген. Оның 110 млн-нан астамы соңғы бес жылда егілді. Ал биыл 16 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Орман өрттерінің алдын алу
Өрт қауіпті кезеңге дайындық жыл сайын күшейтіледі. 2025 жылы 39 өрт бақылау мұнарасы іске қосылып, 65 бекетте тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. 11 мың шақырымнан астам минералды жолақтар тазартылды.
Жыл ішінде орман қорында 50 өрт тіркеліп, жалпы аумағы 33,8 мың гектарға жуық жер зақымданды. Өрттердің басым бөлігі найзағай түсуінен және қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан болған. Әуе арқылы бақылау арнайы ұшақ пен тікұшақ көмегімен жүргізілді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында жаңа автокөліктер, өрт сөндіру техникасы, дрондар мен арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды.
Браконьерлікке қарсы күрес
Өткен жылы орман және аңшылық алқаптарында мыңнан астам рейд жүргізілді. Нәтижесінде 682 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз аң аулау фактілері бойынша сегіз қылмыстық іс қозғалып, табиғатқа келтірілген шығын 92 млн теңгеден асты.
Балық шаруашылығы және су ресурстары
2021–2030 жылдарға арналған өңірлік «Балық шаруашылығы» бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылы 1276 тонна тауарлы балық өндірілсе, 2026 жылы бұл көрсеткішті 2596 тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Су ресурстарын қорғау мақсатында су қоймалары жөнделіп, көпфакторлы тексерулер жүргізілді. Сонымен қатар су қорғау аймақтарын белгілеу, ұңғымаларды түгендеу және ерте ескерту жүйелерін орнату жұмыстары қолға алынған.
Экология, қалдықтар және жер қойнауын пайдалану
2025 жылы қоршаған ортаға әсер ететін нысандарға экологиялық рұқсаттар беріліп, қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейі 27 пайызға жетті, ал 2026 жылы оны 28 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр.
Жер қойнауын пайдалану саласында цифрландыру жалғасуда. Барлық есептер электронды форматқа көшіріліп, келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына бақылау күшейтілді. Заңсыз қазба жұмыстарын анықтау және рекультивациялау бойынша тиісті органдарға материалдар жолданды.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және Жамбыл облысының тұрақты дамуына бағытталған.




