Жаңарту аясында мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып, заманауи пәндік кабинеттер сатып алынды. Сонымен қатар мектеп жиһаздары жаңартылып, кітапханалар мен асханалар жаңғыртылды, қауіпсіздік жүйелері күшейтілді.
Мәліметтерге сәйкес, күрделі жөндеу 369 мектепте, ал ағымдағы жөндеу 1 817 мектепте жүргізілді. Бұдан бөлек, 2 917 пәндік кабинет сатып алынды, 1 697 мектептің жиһазы жаңартылды. 2 413 мектептің кітапханасы жаңғыртылып, 1 401 мектепте асханалар жаңартылды. Қауіпсіздік жүйелері 1 705 оқу орнында жақсартылды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, бұл модернизация қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтуға, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еліміз бойынша 1,1 миллионнан астам оқушының оқу жағдайы жақсарды.


