БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Түркістанда 51 гектарлық ірі жылыжай кешені іске қосылуға жақын

Түркістанда 51 гектарлық ірі жылыжай кешені іске қосылуға жақын
Түркістан облысында еліміздегі ең ауқымды өнеркәсіптік жылыжай жобаларының бірі жүзеге асырылуда. Келес ауданының Ақтөбе ауыл округінде 51 гектар аумақта салынып жатқан жылыжай кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовпен кездесті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар жобаны іске асыру барысын талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталған.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл жылыжай кешені өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыратын маңызды бастамалардың бірі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің басты құрамдас бөлігі екенін бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының қатарында. «Ecoculture-Eurasia» компаниясының бұл жобасы жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты тұрақтандыруға, тұрғындарды жыл бойы сапалы өніммен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосады, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар әкім жергілікті кадрларды оқыту мен біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтып, жобаның әлеуметтік жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Әкімдік тарапынан барлық қажетті ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетіні жеткізілді.

Алмас Дауытов жобаны іске қосу бағытындағы жұмыстардың белсенді жүріп жатқанын айтып, қазіргі жағдаймен бөлісті.

– Қажетті инфрақұрылым толық жеткізілді. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды төрт мезгіл бойы тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін кеңейту ойымызда бар, – деді ол.

Кездесу кезінде облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк салынып жатқанын да атап өтті. Бұл паркте өнімді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар. Мұндай өндірістер логистикалық шығындарды азайтып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Жобаның негізгі көрсеткіштері

Жылыжай кешеніне жалпы 42 млрд теңге инвестиция бағытталған. Жоба толық іске қосылғанда жыл сайын 25 000 тонна қызанақ өсіріледі және 800 жаңа жұмыс орны құрылады. Қаржыландыруды «Қазақстанның Даму банкі» АҚ мақұлдаған.

2023 жылы жобаға 23,5 млрд теңге бөлінген. Жылыжай кешені толықтай Нидерландтан жеткізілген заманауи жабдықтармен қамтылған.

Қазіргі таңда кешеннің 40 гектар аумағында металл конструкциялар орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, қоймалар мен бақылау-өткізу пункті салынып жатыр. Қазандық пен жанар-жағармай қоймасы құрылысы аяқталған.

Бүгінде 8 жылыжай блогы мен техникалық дәліз орнатылуда. Оның ішінде 4 блогы іске қосылған. Жылыжай кешенінің ресми ашылуы көктем айларына жоспарланған.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар