Алматы қаласында қылмыстық іс аясында жүргізілген тергеу әрекеттері барысында азамат Санжар Бокаев ұсталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128–131-баптарына сәйкес ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, С. Бокаев әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, қоғамда теріс пікір қалыптастыруды көздеген.
Атап айтқанда, ол жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақтарда ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдарды жариялаған. Алайда тергеу деректеріне сәйкес, аталған әрекеттерді Бокаевтың өзі ұйымдастырып, қаржыландырған деген күдік бар.
Құзырлы органның мәліметінше, күдікті бұл мақсатта табысы төмен азаматтарды тартып, оларға ақшалай сыйақы ұсына отырып, заңсыз әрекеттер жасауға тапсырма берген. Осылайша, қоғамдық резонанс тудыратын жағдайларды қолдан ұйымдастырып, оны ақпараттық кеңістікте пайдаланған болуы мүмкін.
Сонымен қатар, С. Бокаев аса ірі мөлшерде қаржы қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке де ілінді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Бас прокуратура істің мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеу қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.