Жанабыловтар ісі бойынша сот процесінде жаңа мәліметтер белгілі болды. Танымал блогерлер Нұрбек Нұртаза (justking31) мен Дархан Жолшыбеков (darhanzholshybekov) сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетін болды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған тұлғалар бұл іс бойынша куәгер ретінде шақырылғанымен, сот отырысына келмеген. Осыған байланысты прокурор оларды күштеп әкелу туралы өтініш білдірді. Бұл ұсынысты Жанабыловтардың адвокаты да қолдап, сот тиісті шешім қабылдады.
Енді блогерлерді сотқа жеткізу міндеті Астана қаласындағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүктелді. Ал бұл процестің орындалуын прокуратура қадағалайтын болады.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрбек Нұртаза заңсыз гивтер ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,1 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұл жағдай қоғамда блогерлердің жауапкершілігі мен заң талаптарын сақтау мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.