18 наурыз күні Қарағанды облысында болған ауыр жол-көлік оқиғасы үш адамның өмірін жалмады. Қайғылы жағдай Қарағанды – Балқаш бағытындағы республикалық тас жолда тіркелді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Chevrolet Cobalt автокөлігін басқарған 30 жастағы жүргізуші бұрылыс кезінде көлікті игере алмай, жолдан шығып кеткен. Салдарынан көлік аударылып, жүргізуші мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Жол апаты Астана – Қарағанды – Алматы республикалық трассасында, Ақшатау ауылынан шамамен 40 шақырым жерде болған.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Видео авторы жүргізуші рөлде қалғып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтады. Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі жолдың тайғақ болғанын алға тартуда.
Қарағанды облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құзырлы органдар жүргізушілерді жолда аса сақ болуға, әсіресе ауа райы қолайсыз кезде жылдамдықты шектеп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.