Бұл бастама балалардың дамуындағы ауытқулар мен медициналық, әлеуметтік қауіптерді дер кезінде анықтап, уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қызмет ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы нормативтік талаптарына сәйкес, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жүзеге асырылады. Негізгі басымдық 5 жасқа дейінгі балалардың дамуын жүйелі бақылауға берілген.
Жұмыс барысында ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, мамандар баламен үй жағдайында жұмыс істеу жолдары бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, баланың есту қабілеті мен даму ерекшеліктерін анықтауға арналған аудиологиялық және психофизикалық скринингтер жүргізіледі.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға патронаждық көмек көрсетіледі. Бұл баланың дамуына әсер ететін тәуекелдерді ерте кезеңде азайтуға бағытталған.
Басты мақсат – баланы диагнозбен шектемей, оның әлеуетін дамытуға жағдай жасап, ата-ананы қолдаусыз қалдырмау.


