БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Құрылыс материалдары өндірісіне инвестиция: Жамбыл облысы саланың дамуына серпін беруде

Құрылыс материалдары өндірісіне инвестиция: Жамбыл облысы саланың дамуына серпін беруде
Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісі инвесторлар үшін тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Бұл үрдісте Жамбыл облысы да маңызды рөл атқарып отыр. Соңғы жылдары сала ел экономикасындағы орнын нығайтып, отандық өнім сапасы жағынан импорттық баламалармен бәсекеге қабілетті деңгейге жетті.

Қазіргі таңда кәсіпорындар тек минералды шикізат өндіріп қана қоймай, одан дайын құрылыс материалдарын шығара бастады. Бұған жаңа өндіріс орындарын іске қосу, заманауи технологияларды енгізу және өнім түрлерін кеңейтуге бағытталған инвестициялар ықпал етті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өткен жылы бейметалл минералды өнімдер өндірісіне салынған негізгі капитал инвестициясының көлемі 222,3 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айларымен салыстырғанда шамамен төрттен біріне көп. Ал бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда инвестиция көлемі 3,3 есеге артқан. Қаражаттың басым бөлігі өндірістік ғимараттар салуға, жабдықтар мен техникалар алуға жұмсалған. Жалпы инвестицияның 97,8 пайызы материалдық активтерге, ал 2 пайыздан астамы технологиялар мен жобалық құжаттар секілді материалдық емес активтерге бағытталған.

Сала еліміздің көптеген өңірінде дамып келеді. Соның ішінде Жамбыл облысында жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі - «Alina Group» холдингінің Тараз қаласындағы жаңа зауыты. Зауыт құрылысына 6,9 млрд теңге инвестиция салынып, жылына 350 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге мүмкіндік берілді. Өнім негізінен еліміздің оңтүстік өңірлеріне жеткізіліп, сонымен қатар Қырғызстанға экспортталуда.

Жалпы алғанда, 2020–2025 жылдар аралығында құрылыс қоспаларын және бейметалл минералды өнімдер шығаратын кәсіпорындар саны 98-ден 212-ге дейін өсіп, екі есеге артты. Бұл сектордағы жетекші компаниялардың бірі - толық өндірістік циклге ие Alina Group. Компания шикізатты 8 карьерде өндіріп, оны Қазақстанның 19 қаласындағы 19 өндірістік алаң мен зауытта өңдейді.

Салаға шетелдік инвестициялардың тартылуы да маңызды фактор болып отыр. 2023 жылдың қарашасында холдинг негізін қалаушы Ерлік Балфанбаев халықаралық Nippon Paint Holdings SG Pte. Ltd. компаниясына акциялардың 75 пайызын сату жөнінде келісім жасаған. Бұл әлемдік деңгейдегі стандарттарды енгізуге, технологиялық жаңғыртуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етті.

Қазақстандық құрылыс материалдарының экспорты да өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының «Талдау» жүйесі дерегінше, өткен жылдың қаңтар–қазан айларында бейметалл минералды өнімдер экспорты 248,1 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Бұған дейін де оң динамика байқалған: 2024 жылы өсім 11,9 пайыз, ал 2023 жылы 29,5 пайыз болған.

Осылайша, құрылыс материалдары өндірісінің дамуы, соның ішінде Жамбыл облысындағы өндірістік жобалар, елдің индустриялық әлеуетін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға және Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп отыр.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар