Жамбылда жергілікті брендтер дамуда: «Бір ауыл - бір өнім» жобасы ауыл экономикасына серпін береді
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 10:24
- 10
Жоба аясында жергілікті шикізаттан сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Әр ауыл өзінің ерекшелігін пайдаланып, дәстүрлі шикізатты өңдеу арқылы нарыққа сұранысқа ие өнім ұсынуға мүмкіндік алады.
Өткен жылдардағы тәжірибе жобаның тиімділігін көрсетті. «Бір ауыл - бір өнім» көрмелері ауыл кәсіпкерлерін танытып қана қоймай, жаңа нарықтарға жол ашты. Жергілікті қолөнер бұйымдары, былғары және киіз өнімдері, керамика, ұлттық әшекейлер, сондай-ақ табиғи азық-түлік тауарлары тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды.
Өткен жылы жобаның ерекшелігі - ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнату болды. Көптеген қатысушылар Дулати университеті базасында арнайы оқудан өтіп, өнім сапасын зертханалық тексеруден өткізді. Бұл өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын ғылыми тұрғыда дәлелдеуге мүмкіндік берді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтайдың айтуынша, бұл бастама тек жәрмеңке ұйымдастыру емес, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға нақты серпін беретін жүйелі жұмыс. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға және Жамбыл өңірінің бірегей өнімдерін кеңінен танытуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда қатысушыларға маркетингтік қолдау, өнімді нарыққа шығару бойынша кеңес, оқыту және ішкі әрі халықаралық нарықтарға жол ашу бағытында көмек көрсетіледі.
Жобаға қатысуға ниетті азаматтар Тараз қаласы, Төле би көшесі 93а, «Арай-Плаза» бизнес орталығы, 6-кабинет мекенжайы бойынша Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. Сондай-ақ 1432 бірыңғай call-орталығы арқылы да ақпарат алуға мүмкіндік бар.
«Бір ауыл - бір өнім» жобасы жергілікті бастамаларды қолдап, оларды ұлттық деңгейдегі брендке айналдыруға бағытталған маңызды қадам саналады.




