Қордайда экзотикалық құс өсіру дамып келеді: ауыл тұрғыны түйеқұс шаруашылығын қолға алған
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 10:01
- 31
Чинара Сағадиқызының айтуынша, түйеқұс өсіру туралы ой бұрыннан болған. Ал нақты бастама 2004 жылы қолға алынған. Сол кезде Шымкенттен үш түйеқұс жұмыртқасын алдырып, шағын инкубатор сатып алады. Соның нәтижесінде екі балапан аман шығып, өсіп жетіледі. Бұл алғашқы жетістік жаңа бастамаларға сенім береді.
Кейін ол түйеқұстың толық бір отбасын сатып алып, көбейтуге талпынып, Сарыағаштан арнайы құстар алдырған. Содан бері бұл істі тоқтатпай жалғастырып келеді.
Алғашқы кезде ауыл тұрғындары үшін экзотикалық құстар үлкен жаңалық болған. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері арнайы келіп, құстарды тамашалай бастаған. Қазіргі таңда аулада түйеқұстармен қатар қояндар да бар, бұл балалар үшін танымдық шағын экскурсия алаңына айналған.
Құс өсірушінің айтуынша, түйеқұс күту аса күрделі емес. Ең бастысы - тазалық сақтау, дұрыс азық беру және кең аумақ қамтамасыз ету. Түйеқұстар еркіндікті жақсы көретіндіктен, оларды тар орында ұстауға болмайды. Рационында шөп, астық, құрама жем және көкөністер бар. Сонымен бірге құстың жағдайын күнделікті бақылап отыру маңызды.
Чинара Бажанова бұл істі әзірге ресми кәсіп ретінде емес, хобби ретінде жүргізіп келеді. Соған қарамастан, ол тәжірибе жинап, басқа құс өсірушілермен үнемі байланыс жасап, пікір алмасып тұрады. Болашақта ірі ферма ашу жоспары да бар.
Түйеқұс шаруашылығының өзіндік ерекшеліктері де аз емес. Мысалы, бір жұмыртқасының салмағы шамамен 1,5 килограмға дейін жетеді. Дұрыс күтім жасалған жағдайда аналық түйеқұстар аптасына екі рет жұмыртқалай алады.
Сонымен қатар оның ауласында үнді павлині, ақ корольдік павлин, күркетауық, цесарка және сирек кездесетін тауық тұқымдары - карликовый кохинхин мен жүнді тауықтар да өсірілуде. Бұл экзотикалық құстар ауыл тұрғындары үшін қызықты көрініске айналып отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Атыраудағы мектептегі оқиғадан кейін директор қызметінен кетті
- авторBAQ-Orda
- Бүгін, 15:09




