БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбыл облысында жаңартылатын қуат көздері қарқынды дамып келеді

Жамбыл облысында жаңартылатын қуат көздері қарқынды дамып келеді
Соңғы жылдары Жамбыл облысында баламалы энергия көздерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері – жел, күн және су ресурстарының молдығы жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Бұл бағыт аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де ықпал етуде.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес, өңірде жаңартылатын энергия көздері саласы 2010 жылдан бері тұрақты дамып келеді. Алғашқы кезеңде қуаты 2 мегаватт болатын екі нысан пайдалануға берілсе, 2015 жылы олардың саны 9-ға жетіп, жалпы қуаты 114 мегаватты құрады. 2021 жылы 17 нысан іске қосылып, олардың қуаты 387,8 мегаваттқа дейін артты. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 нысанға жетіп, жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрады.

Қазіргі таңда облыста жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 6 су электр станциясының қуаты 24,4 мегаватт болса, 10 жел электр станциясының жалпы қуаты 275,65 мегаватт, ал 6 күн электр станциясының қуаты 271,25 мегаваттты құрайды. Бұл көрсеткіштер Жамбыл облысының республикадағы жасыл энергетика саласында алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі екенін көрсетеді.

2024 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша облыста жаңартылатын көздерден 642,5 миллион киловатт/сағат электр энергиясы өндірілген. Соңғы жылдары жүзеге асқан ірі жобалардың қатарында қуаты 100 мегаватт болатын «Жаңатас» жел электр станциясы, сондай-ақ «Тасөткел» су қоймасындағы қуаты 9,2 мегаватт болатын су электр станциясының екінші кезеңі бар. Сонымен қатар Жамбыл ауданында қуаты 50 мегаватт «AEC ASA» күн электр станциясы іске қосылса, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 мегаватт болатын үш жел электр станциясы пайдалануға берілді. Ал 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватт «Шоқпар» жел электр станциясының құрылысы аяқталды.

Алдағы жылдары өңірде жаңа ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Мойынқұм ауданында Францияның «Total Eren» компаниясы қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ Сарысу және Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясы тағы бір 1 гигаватттық жел энергетикасы жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Сонымен қатар 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамыту картасы әзірленіп, 2028 жылға қарай қуаты 2,5 гигаватт болатын 24 нысанға жеткізу жоспарланған.

Жалпы алғанда, жаңартылатын энергия жобалары өңірді экологиялық таза электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және аймақ экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде. Осылайша Жамбыл облысы жасыл энергетиканы дамытуда еліміздің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар