БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Президент бюджеттік тәртіпті күшейтіп, шығындарды қайта қарауды тапсырды

Президент бюджеттік тәртіпті күшейтіп, шығындарды қайта қарауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фискалдық саясаттың тиімділігі ең алдымен бюджетті ретке келтіру мен қаржы тәртібін қатаң сақтауға байланысты екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, мемлекеттік шығындардың нәтижелілігін арттыру үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын толық қайта қарап шығу қажет.

Осыған байланысты Үкіметке, әсіресе Қаржы және Экономика министрліктеріне бұл жұмысты созбалаңға салмай, батыл әрі жүйелі түрде жүргізу тапсырылды. Президент бюджет қаражатын игерудің қазіргі критерийлерінен бас тартып, мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін басқаруды күшейту керектігін айтты.

Сонымен қатар Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге игерілмей қалу қаупінен қорқып, жобаларға негізсіз қаржы бөлу тәжірибесін тоқтату міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы мұндай шешімдердің кейде субъективті қабылданып, қаражаттың белгілі бір топтарға ғана бөлінуіне жол берілетінін сынға алды. Бұдан былай мұндай әрекеттер мемлекет мүддесіне қарсы қадам ретінде бағаланатыны ескертілді.

Президент бюджет қаржысы тек азаматтарға нақты пайда әкелетін әрі ұлттық экономиканың дамуына ықпал ететін жобаларға бағытталуы тиіс екенін айтты. Осы мақсатта Үкіметке биыл 1 мамырға дейін барлық бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет қаржыландыратын жобаларды іріктеу тетігін жетілдіру тапсырылды. Бұл талап квазимемлекеттік секторға да қатысты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бюджеттік шығындардың ашықтығын арттыру үшін цифрлық теңгені кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда бұл құрал мемлекеттік сатып алуларда, субсидиялау кезінде және Ұлттық қордан қаржы бөлу барысында тиімді қолданылып отырғаны айтылды. Алдағы уақытта цифрлық теңгенің қолданылу аясын басқа салаларға да кеңейту жоспарланып отыр.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар