Жамбылдық азамат сегіз жылға жуық уақыттан бері із-түзсіз жоғалған
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 11:19
- 1
Іздеу туралы мәлімет volontery_almaty_lider.kz еріктілер қозғалысының Instagram-парақшасында жарияланды. Ондағы ақпаратқа сәйкес, Руслан Бозтаев 2018 жылғы 12 наурыз күні Жуалы ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы ауылындағы үйінен жұмыс іздеу мақсатында кеткен.
Екі күннен кейін ол әпкесінің күйеуіне телефон шалып, Талдықорғанда жүргенін және кірпіш зауытында жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Кейін, 2018 жылдың тамыз айында оны Алматы қаласындағы «Тастақ» базарынан көргендер болған.
2019 жылы Русланды Алматыда туған інісі кездестіргені айтылды. Сол кезде олар байланыста болуға келіскен. Ер адам өз сөзінде Алматыда пәтер жөндеу жұмыстарымен айналысып жүргенін жеткізген. Алайда содан бері ол отбасы мүшелерімен қайта хабарласпаған.
Қазіргі уақытта туыстары мен еріктілер азаматтың қайда жүргенін анықтауға тырысып жатыр. Оны көрген немесе қандай да бір ақпарат білетін адамдардан хабар беру сұралады.


