Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығы заманауи жоғары технологиялық жабдықпен толықты
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 08:48
- 6
Онкопатологияларды ерте диагностикалау мақсатында орталыққа GE Hangwei Medical Systems Co., Ltd (Қытай) компаниясының 128 кесінділі Revolution Maxima компьютерлік томографы іске қосылды. Жаңа аппарат ішкі ағзаларды жоғары дәлдікпен қабаттап зерттеуге мүмкіндік береді. Заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету мен жоғары ажыратымдылық халықаралық стандарттарға сай сапалы диагностика жүргізуге жағдай жасайды.
Бұған дейін орталықта тек 32 кесінділі компьютерлік томограф болған, ол негізінен сәулелік терапиядағы линейлік үдеткіш аппаратын имитациялау үшін қолданылып, толық диагностикалық зерттеу мүмкіндігін шектеп келген. Осыған байланысты кеңейтілген диагностикалық мүмкіндіктері бар жаңа томографқа қажеттілік жоғары болды.
Сонымен қатар, орталыққа Беларусь Республикасында 2025 жылы шығарылған «Терад-200» рентгенотерапиялық аппараты жеткізілді. Бұл жабдық тері ісіктері сияқты беткей орналасқан онкологиялық ауруларды емдеуге арналған және өңірдегі сәулелік терапия қызметінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
Жаңа технологияларды енгізу облыста онкологиялық көмектің сапасын арттыруға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға, емдеуді уақытылы бастауға және онкологиялық сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.
Сондай-ақ кешенді жоспар аясында төмен дозалы компьютерлік томография мен жасанды интеллект технологияларын пайдаланып өкпе қатерлі ісігін скринингтеу бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастама қатерлі ісіктерді ерте анықтау тиімділігін арттыруға бағытталған.


