Айдос Сарым: Конституциялық өзгерістер - жаһандық сын-қатерлерге жауап
- author BAQ-Orda
- 14 ақпан, 2026
- 1
Шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым өз пікірімен бөлісті.
«Әрбір қоғам ерте ме, кеш пе, белгілі бір уақыт сайын өз-өзіне сұрақ қойып, жауап іздейтін кезең болады. Біз қайдан шықтық, қай жаққа бара жатырмыз, біз кімбіз деген философиялық сұрақтар. Көріп отырғандай, дүниежүзі өзгеріп жатыр. Кеше ғана Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясына қатысқан мемлекет басшыларының барлығы әлем өзгеріп жатқандықтан, соған бейімделу жолдарын іздеп жатқанын атап өтті. Қазақстан үлкен геосаяси кеңістікте тұрғандықтан, біздің ел бұл қадамдарды бәлкім ертерек жасап жатқан болар. Бұл - заманның қалай болып жатқанын көріп жатырмыз, сол себепті әлемге бейімделу, халықты бейімдеу, қиындықтардың алдын алу, оларды болдырмау деген сынды үлкен дүниелерге арналған біздің жалпыұлттық жауабымыз. Өмірдің өзі осыған алып келді», – деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа Конституция бойынша республикалық референдум Президент Жарлығымен ресми түрде 2026 жылдың 15 наурызына белгіленген. Онлайн-марафон адам құқықтарын қорғауды күшейту және мемлекеттік басқару реформалары сияқты елдің негізгі заңындағы басты өзгерістерді түсіндіру алаңы ретінде қызмет етеді.


