Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті: аграрлық ғылым мен халықаралық білім беруді дамытудағы жаңа белес
- author BAQ-Orda
- 14 ақпан, 2026
- 1
2008 жылы құрылған университет бүгінде бакалавриаттың 53 және магистратураның 25 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Негізгі мақсат – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті кадрлар қалыптастыру. Университетте 13 ғылым докторы, 92 ғылым кандидаты, 19 PhD докторы және 118 магистр қызмет етеді, ғылыми дәрежесі бар оқытушылар үлесі шамамен 50%.
Инфрақұрылым да қарқынды дамуда: жаңа оқу ғимараты салынып жатыр, заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Әсіресе аграрлық бағытқа басымдық беріліп, ветеринария, агрономия, орман және балық шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау сияқты мамандықтар бойынша кадрлар дайындалуда.
Байзақ ауданында орналасқан үш ғылыми-зерттеу орталығы – агробиологиялық, ветеринария және аквакультура орталықтары – ғылыми зерттеу, өндіріс және студенттердің тәжірибелік даярлығын ұштастыруға мүмкіндік береді. Университет ғалымдары өңірдегі 148 су айдынының 80-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасап, аквафермада форель мен бекіре өсіру технологияларын енгізуде.
Сонымен қатар университет Қытай, Түркия, Польша, Оңтүстік Корея, Болгария және Швейцария жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді. Қосдипломды бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асуда.
Жуырда қабылданған 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы университеттің ғылыми әлеуетін күшейтіп, инновациялық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар өңірлік білім мен ғылымның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.


