Президент спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошы Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
- author BAQ-Orda
- 16 ақпан, 2026
- 33
Президент спортшының былтыр Император кубогында «маэгашира» атағын, яғни сумо балуандарының ең жоғары дәрежесін иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін алуымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жүлде табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі екеніне тоқталды.
Сондай-ақ бүгінде шет мемлекеттерде елімізді әлемге танытып жүрген жастарымыздың көбейіп келе жатқанын, мемлекеттің таланттар мен спортты қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
– Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Ерсін Балтағұл Президентке ілтипат көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен Өзіңізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын, – деді Ерсін Балтағұл.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев балуанға алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатуға және Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.




