Бөлінген қаражат теңіздегі экологиялық жағдайды жүйелі бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтарды сатып алуға бағытталмақ. Атап айтқанда, теңізде мониторинг жүргізуге арналған негізгі құрал-жабдықтар алынып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды толық жарақтандыру жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар Каспий теңізінің экожүйесін жан-жақты зерделеуге, су сапасын, биологиялық ресурстарын және қоршаған ортаға әсер ететін факторларды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың мәлімдеуінше, аталған институттың басты мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, қоршаған ортаның жай-күйін тұрақты мониторингілеу, сондай-ақ Каспий маңы елдерімен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру.
Жалпы, Каспий теңізін сақтау және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі. Бөлінген қаржы осы бағыттағы ғылыми зерттеулерді күшейтіп, теңіздің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етпек.




