Жамбыл облысында жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 10:01
- 13
Аталған шешім бір күнде қабылданған жоқ. Конституциялық өзгерістер Мемлекет басшысының Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алып, ұзақ мерзімді талқылаулар мен сараптамалардың нәтижесінде қалыптасты. Алдымен парламенттік реформа бойынша арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп, кейін Конституциялық комиссия құрылып, жаңа Ата Заң жобасын әзірлеу ісін жалғастырды. Сонымен қатар «e-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы азаматтарға өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдау мүмкіндігі беріліп, қоғам пікірін ескеру жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Қазіргі таңда референдум қарсаңында халық арасында жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру бағытында жүйелі ақпараттық жұмыстар жалғасуда. Осы орайда облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдері түрлі мекемелер мен ұйымдарда кездесулер өткізіп, ұжымдармен ашық диалог орнатуда.
Осындай кездесулердің бірі Жамбыл облыстық қан орталығында өтті. Жиын барысында жаңа Конституция жобасының мән-маңызы, оның ел дамуына ықпалы және алдағы референдумның тарихи маңызы жан-жақты талқыланды.
Кездесуге Тараз қалалық мәслихатының төрағасы, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Кенжебек Олжабай, облыстық мәслихат депутаты Жанар Бүркітбаева, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының директоры әрі қалалық мәслихат депутаты Қарлығаш Бибазарова, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты Руслан Мыркалықов қатысып, өз пікірлерін білдірді. Қатысушылар конституциялық реформалардың қоғам дамуы үшін маңыздылығына тоқталып, азаматтарды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Мамандардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың саяси белсенділігін күшейтуге және маңызды мемлекеттік шешімдерге саналы түрде қатысуына ықпал етеді. Жамбыл облысында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.




