Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы базасында анестезиологиядағы заманауи мониторинг жүйесі таныстырылды

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы базасында анестезиологиядағы заманауи мониторинг жүйесі таныстырылды
Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында «Анестезиолог дәрігер тәжірибесіндегі мультимодальды мониторинг» тақырыбында тәжірибелік шеберлік сабағы өтті. Оған медициналық мекеменің анестезиолог-дәрігерлері қатысып, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.

Шеберлік сабағын С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қосымша кәсіби білім беру институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Еркінбек Исмаилов жүргізді. Сабақ барысында хирургиялық араласу кезінде және операциядан кейінгі кезеңде пациенттің жағдайын кешенді бақылауға арналған Masimo (АҚШ) компаниясының Root инвазивті емес мультимодальды мониторинг платформасы таныстырылды.

Аталған жүйе өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде қадағалап, анестезия қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Root платформасы ми белсенділігі мен анестезия тереңдігін, қан мен тіндердің оттегімен қанығу деңгейін, гемодинамикалық көрсеткіштерді инвазивті араласусыз бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайын бағалап, инфузиялық терапия тиімділігін анықтауға, қан жоғалтуды немесе оттегі жеткізілуіндегі бұзылыстарды ерте кезеңде байқауға жағдай жасайды.

Жүйе тыныс алу процесін, газ алмасуды, науқастың қозғалыс белсенділігі мен дене қалпын да үздіксіз бақылап отырады. Мұндай кешенді мониторинг ықтимал асқынулардың алдын алуға және пациент қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің хирургия және инновациялар жөніндегі орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, заманауи технологияларды енгізу күрделі өзгерістерді дер кезінде анықтауға, емдеу тактикасын жекелей жоспарлауға және хирургиялық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді. Оның пікірінше, бұл – дербестендірілген медицинаны дамыту жолындағы маңызды қадам.

Іс-шара қорытындысында өңір дәрігерлері профессор Еркінбек Исмаиловқа кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, анестезиология мен реаниматология саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар