Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбыл облысында 2026 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық қарқынды жүргізілуде

Жамбыл облысында 2026 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық қарқынды жүргізілуде
Жамбыл облысында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық белсенді жүргізіліп, диқандар қажетті тұқым, техника және материалдық ресурстармен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл өңірде егіс құрылымын оңтайландыру мен суару инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр.

Министрдің дерегінше, 2026 жылы Жамбыл облысында жалпы егіс алқабы 623,3 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға аз. Мұндай өзгеріс өндірісті әртараптандыру және су ресурстарын үнемдеу мақсатында жүзеге асырылып отыр. Биыл бидай - 145,1 мың гектарға, арпа - 187,8 мың гектарға, жүгері - 23,3 мың гектарға орналастырылады. Ал майлы дақылдар 40 мың гектарды, мал азығына арналған дақылдар 185 мың гектарды қамтиды.

Егіс құрылымын өзгерту өңірдегі суару жүйелерін жаңарту жұмыстарымен де байланысты. Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыстағы 76 каналға жөндеу жүргізілуде. Жаңғыртылатын гидротехникалық нысандардың жалпы ұзындығы 430 шақырымнан асады. Бұл жұмыстар Байзақ, Мерке, Сарысу, Талас және Шу аудандарын қамтып, жалпы 51,4 мың гектар суармалы жердің тұрақты сумен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

Өткен күзгі дала жұмыстары да агротехникалық талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, 200,3 мың гектар алқапта дайындық жүргізілді. Сонымен қатар 145,1 мың гектар жерге күздік дақылдар себілген. Ал биыл көктемде 325 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егілмек. Қазіргі таңда қажетті тұқым қорының 93 пайызы, яғни 58 мың тонна дайындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 10,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы қатысады.

Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл өздігінен жүретін техниканы жаңарту деңгейін 8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 476 жаңа техника сатып алынатынын білдіреді. Сонымен қатар 478,2 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп.

Аграрлық салаға қаржылай қолдау «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көрсетілуде. Шаруашылықтардан 4,6 миллиард теңге көлемінде өтініш түсіп, оның 2,5 миллиард теңгесі жеңілдетілген шарттармен берілген.

Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымы әртараптандырылып, дәнді және бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс-бақша және мал азығы дақылдары белгіленген көлемде орналастырылады.

Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстары мен егін жинау науқаны үшін шаруалардың өтініміне сәйкес 25,1 мың тонна дизель отыны дайындалған. Жалпы алғанда, көктемгі егіс науқанына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылмақ.

Өңір диқандарын қолдау мақсатында «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 101 шаруашылыққа 2,8 миллиард теңге көлемінде 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілген.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар