Таразда Кеңес Омаровты еске алуға арналған халықаралық жастар бокс турнирі өтуде
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 19:49
- 1
Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, Кенес Омаровтың қазақ боксының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тәжірибелі бапкер жиырма жылдан астам уақыт бойы өңір спортшыларын тәрбиелеп, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындаған.
- Кеңес Омаровтың шәкірттері халықаралық ареналарда жоғары техникасымен, төзімділігімен және қайсар мінезімен танылды. Оның тәрбиесін көрген спортшылар арасында Серік Қонақбаев, Каримжан Абдрахманов, Рашид Кабиров, Вадим Присяжнюк, Нұрлан Кобжасаров, Амалбек Тшанов, Юрий Цхай және Амирхан Төлен сынды танымал боксшылар бар, – деді ол.
Халықаралық турнирге Қазақстанмен қатар көршілес елдердің жас боксшылары да қатысуда. Жарыс жоғары қарқынмен және тартысты өтіп, көрермендерге әсерлі жекпе-жектер сыйлауда. Алғашқы кездесулердің бірі Қазақстан мен Қырғызстан спортшылары арасында өтті.
Қырғызстан құрамасының мүшесі Умар Мадаминов 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алғашқы жекпе-жекте жеңіске жеткенін айтты. Оның сөзінше, турнирге тыңғылықты дайындалып, қарсыласына қарсы тиімді тактика қолдана алған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық жарыстар жас спортшылардың тәжірибе алмасуына, бапкерлердің өзара байланысын нығайтуға және жастарды спортқа баулуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар турнир жасөспірімдердің тәртіпті, салауатты өмір салтын ұстануына және патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Турнирдің финалдық жекпе-жектері мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 наурызға жоспарланған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар және дипломдармен марапатталып, үздік шыққан спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасының резервіне енгізілуі мүмкін.


