Тоқаев: Қазақстанның дамуына үлес қосқан арулар мемлекеттік наградалармен марапатталды
- author Admin
- 6 наурыз, 2026
- 8
Мемлекет басшысының жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечина, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға берілді. Президент олардың заң шығару қызметіндегі нәтижелі еңбегін жоғары бағалады.
Бұл жоғары атаққа мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген көрнекті ғалым әрі өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды.
Сонымен қатар Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды. Президент оның педагогикалық қызметі халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өтті. Бұл атаққа Мәжіліс депутаты, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Ирина Смирнова да лайық деп танылды.
Жастар арасындағы конькимен жүгіруден бес дүркін әлем чемпионы атанған қазақстандық спортшы Кристина Шумекова ел абыройын асқақтатқаны үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ белгілі жазушы әрі аудармашы, қазақ тілінің жанашыры Камал Әлпейісова да «Парасат» орденіне ие болды.
Табиғатты қорғау саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер маман Мария Зейнелова 43 жыл бойы Наурызым қорығы аумағында қызмет атқарып, табиғатты сақтау ісіне үлкен үлес қосқан. Ал мұнай өндіру саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Айсұлу Шуақбаева «Құрмет» орденімен марапатталды.
Президент білім саласындағы мамандардың еңбегін де ерекше атап өтті. Қазақ тілі мен әдебиетінің тәжірибелі мұғалімі Жанна Левкович «Құрмет» орденіне, ал жас педагог Мария Сурина «Шапағат» медаліне ие болды.
Тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаева орман өрттерін сөндіру мен құтқару жұмыстарына қатысып жүрген кәсіби қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақстандағы балет өнерін дамытуға үлес қосып жүрген жапон өнерпазы Сузуки Канон да осы марапатқа ие болды.
Президент өз сөзінде қазақ халқы ежелден әйелді ардақтағанын атап өтті. Оның айтуынша, халқымыз «Отан Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» деген ұғымдарды қастер тұтып, ананың рөлін ерекше бағалаған.
«Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген қағиданы еске салған Мемлекет басшысы ұлттық болмыс, тіл мен дәстүр ұрпаққа ең алдымен ана тәрбиесі арқылы даритынын айтты.
Сондай-ақ Президент «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мағынасына тоқталып, қазақ әйелдері шаңырақтың берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Оның айтуынша, әр отбасындағы бірлік пен тұрақтылық – елдің өсіп-өркендеуінің негізі.


