Жаңа Конституция Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайды
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 14:25
- 1
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан жаңа даму кезеңіне аяқ басып отырғанын айтып, дәл осы уақытта Ата Заңды жаңарту айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
«Қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық», – деді Президент.
Ол республикалық референдумға ұсынылған Халықтық Конституцияның жобасы ел болашағы үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
«Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар», – деді Мемлекет басшысы.
Президент халықаралық жағдайға да тоқталып, мемлекеттілікті нығайтудың маңызын атап өтті.
«Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді», – деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, Негізгі заң жобасының өзегі – ұлттық құндылықтарды қорғау.
«Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемендігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау», – деді Президент.
Сонымен қатар ол құжатта әлеуметтік нормалардың кеңінен қамтылғанын айтты.
«Ата Заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі», – деді Мемлекет басшысы.
Конституция жобасында отбасы институтын нығайту мәселесіне де ерекше назар аударылған.
«Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Президент.
Оның айтуынша, отбасыны қорғауға қатысты басқа да маңызды ережелер нақтыланған.
«Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты», – деген Мемлекет басшысы құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылатынын айтты.
Сондай-ақ Президент технологиялық өзгерістер жағдайында жаңа Конституцияның маңызын атап өтті.
«Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз», – деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, құжат ұлттық бірегейлікті сақтауға да бағытталған.
«Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек», – деді Президент.
Құжатта қоғамдық келісім мәселелеріне де ерекше мән берілген.
«Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент жаңа Конституцияны қабылдау маңызды тарихи қадам екенін атап өтті.
«Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды», – деді Мемлекет басшысы.


