Жыл басында әлеуметтік желіде әнші әрі композитор Еркеш Хасеннің ажырасып, актриса Жанель Серғазинамен қарым-қатынаста жүргені туралы ақпарат кеңінен тараған болатын, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі ұзақ уақыт үнсіздіктен кейін «Aiqai» YouTube арнасына сұхбат беріп, өзі туралы айтылған әңгімелерге қатысты пікір білдірді.
Еркеш Хасеннің айтуынша, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың басым бөлігі шындыққа жанаспайды. Алайда ол өзіне емес, қызына бағытталған жағымсыз пікірлердің қатты әсер еткенін жасырмады.
«Маған қатысты көп әңгіме айтылды. Бірақ соның 70 пайызы өтірік болды. Ең қатты тигені – қызым туралы пікірлер. Бір апта үндемей жүрдім. Алайда әнші болмай кетсем де, қызыма тіл тигізуге жол бермеймін. Такси жүргізушісі болсам да, бала-шағамды асыраймын», – деді әнші.
Оның сөзінше, қызы туралы теріс пікір қалдырған желі қолданушысын іздеген кезі де болған. Өнер иесі мұндай жағдайда кез келген әке өзін түсінетінін айтты.
Сондай-ақ Еркеш Хасен сол уақытта не себепті сұхбат бермегенін де түсіндірді.
«Қызым ертең әкесінің камера алдында жылап отырғанын көрмесін дедім. Қызымның алдында ер адам болып қалғым келді», – деді ол.
Сұхбат барысында әнші бұрынғы жұбайымен арадағы қарым-қатынасқа да тоқталып, отбасы мәселесіне қатысты кейбір жайттарды баяндады.
Айта кетейік, Еркеш Хасеннің жеке өміріне қатысты ақпараттар биыл әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғам назарын аударған болатын.