Контентке өту

Байзақ ауданында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді

Байзақ ауданында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді

Соңғы жылдары Байзақ ауданында спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, спорт инфрақұрылымы айтарлықтай нығайды. Аудан жастарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттау және жоғары жетістіктер спортына дарынды жастарды тарту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі тіректерінің бірі – №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. 2006 жылы құрылған білім және спорт ордасы бүгінде олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық беріп, 2025–2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында жұмыс жүргізуде.

Соңғы жылдары аудандағы спорт нысандарының саны көбейіп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Атап айтқанда, 2018 жылы Сарыкемер ауылындағы орталық стадионның футбол алаңы толықтай табиғи шым төсенішке ауыстырылды. Бір жылдан кейін Сарыкемер ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, орталық стадион аумағында жасанды кіші футбол алаңы, 3х3 баскетбол және үлкен теннис алаңдары салынды.

2020 жылы орталық стадиондағы жеңіл атлетикалық жүгіру жолақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2021 жылы спорт мектебі жанынан заманауи стрит-воркаут алаңы ашылып, Байзақ ауылында тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.

Спорт мектебінің директоры Аслан Айтбековтің айтуынша, спорт нысандарының көбеюі аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып келеді.

«Біздің басты мақсатымыз – ауыл жастарына сапалы жағдай жасап, олардың спорттағы әлеуетін дамыту. Спорт инфрақұрылымын жетілдіру арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береміз», – дейді мекеме басшысы.

2023 жылы аудан спорты үшін тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылды. Орталық стадион мен Байзақ ауылындағы спорт кешені жанынан халықаралық талаптарға сәйкес төрт жағажай спорт алаңы салынды. Нәтижесінде аудан көлемінде жағажай волейболы қарқынды дами бастады.

Ал өткен жылы демеушілердің қолдауымен спорт мектебінің алдына заманауи автотұрақ пайдалануға берілді. Бұл түрлі деңгейдегі жарыстарға келетін спортшылар мен жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.

Бүгінде спорт мектебінің кадрлық әлеуеті де едәуір артқан. Қазіргі таңда мекемеде 106 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 50 жаттықтырушы, 19 әкімшілік қызметкер және 39 кіші қызметкер бар. Барлық жаттықтырушылар жоғары білімді мамандар саналады.

Жаттықтырушылар құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген үш жаттықтырушысы, жоғары деңгейлі бірінші санаттағы алты маман, екінші санаттағы 26 жаттықтырушы және 18 жас маман қызмет атқарады.

«Бұл – тәжірибелі мамандар мен жас буынның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Біз үшін жаттықтырушының кәсіби деңгейі өте маңызды. Себебі жаттықтырушы дамыса, спортшы да дамиды», – дейді Аслан Айтбеков.

Мектеп басшылығы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше мән беруде. Қазіргі таңда мамандар Астана қаласында ұйымдастырылатын арнайы курстарға қатысып, заманауи жаттықтыру әдістемелерін меңгеруде. Бұл оқу-жаттығу жұмыстарының сапасын арттырып, спортшылардың нәтижесіне оң ықпал етуде.

Бүгінде спорт мектебінің теңгерімінде бес спорт нысаны бар. Сонымен қатар бірнеше ашық спорт алаңы аудан тұрғындарының игілігіне пайдаланылуда. Алдағы уақытта да Байзақ ауданында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және жас спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты