Елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қандай ортада өмір сүріп, қандай құндылықтарды бойына сіңіріп өсетініне байланысты. Білімді, бәсекеге қабілетті, табиғатты құрметтейтін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат тәрбиелеу – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының маңызды бағыты.
Конституцияда білім, ғылым, инновация және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше мән берілуі де осы мақсаттармен сабақтас. Себебі дамыған ел болу үшін тек экономикалық көрсеткіштердің өсуі жеткіліксіз. Ең алдымен, адам капиталына инвестиция салып, келер ұрпақтың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау қажет.
Бүгінде білім беру саласы жаңа талаптарға бейімделіп келеді. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, заманауи мамандықтар мен кәсіби дағдылар жастардың болашақтағы мүмкіндіктерін кеңейтуде. Сондықтан білім алуға ұмтылу, іздену және жаңа технологияларды меңгеру әрбір жас үшін маңызды қажеттілікке айналды.
Бұл ретте ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту де назардан тыс қалмауы тиіс. Ауылдық жерлерде білім беру сапасын арттыру, кәсіптік бағдар беру, цифрлық сауаттылықты дамыту және жастардың бастамаларына қолдау көрсету – өңірдің болашағына салынған инвестиция.
Екінші маңызды мәселе – табиғи және тарихи мұраны сақтау. Қоршаған ортаға жауапсыз қарау, суды ысырап ету, жасыл желекті бүлдіру немесе тарихи ескерткіштерге немқұрайды қарау тек бүгінгі күннің мәселесі емес. Мұның салдары келесі ұрпақтың өміріне де әсер етеді.
Сондықтан тазалық сақтау, ағаш отырғызу, суды үнемдеу, туған жердің тарихын тану және мәдени мұраға құрметпен қарау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы қажет. «Таза Қазақстан» бастамасы да осы түсінікті қоғамда кеңінен қалыптастыруға бағытталған.
Конституцияның болашаққа бағытталған мәні де осында: бүгінгі қоғамның дамуы тек қазіргі қажеттіліктерді өтеумен шектелмеуі керек. Әрбір шешім мен бастама келер ұрпақтың өмір сапасына да ықпал ететінін естен шығармаған жөн. Біз бүгін қандай қоғам қалыптастырсақ, ертеңгі ұрпақ сол қоғамның жемісін көреді.