Қазақстандық ММА жауынгері әрі актер Еркебұлан Тоқтар Арменияның Ереван қаласында өткен Hype FC 28 турнирінде қырғызстандық Марсель Нұрланбекұлы қарсы жекпе-жекте жеңіліс тапты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жеңіл салмақта қолғаптағы бокс ережесі бойынша өткен айқас көрермендер үшін тартысты өтті. Үш раундқа созылған кездесуде екі спортшы да белсенділік танытқанымен, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіс Нұрланбекұлына берілді.
Жекпе-жектен кейін Еркебұлан Тоқтар өз ойымен бөлісіп, кездесуді толықтай жеңіліс деп санамайтынын жеткізді.
- «Мен өзімді толық жеңілдім деп есептемеймін. Бірінші раунд менікі болды, екіншісін қарсыласқа бердім, үшіншісін өзіме жазар едім. Бірақ шешімді төрешілер шығарады», — деді ол.
Сонымен қатар спортшы дайындықтағы өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, бұрынғы физикалық және психологиялық күйі жекпе-жекке әсер еткен.
- «Бұрын жекпе-жекке аш шығатынмын, қазір тоқпын. Ал тоқ адамға төбелесу қиын», — деп атап өтті Тоқтар.
Осылайша Марсель Нұрланбекұлы кәсіби мансабындағы 14-жеңісіне қол жеткізіп, жеңіліссіз сериясын жалғастырды.
Еске салайық, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар 2025 жылы өзбекстандық Тимур Никулин қарсы жекпе-жекте бірінші раундта айқын басымдықпен жеңіске жеткен еді.