«Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешева продюсер Баян Алагөзова иелігіндегі қамзолға қатысты пікір білдіріп, оның түпнұсқа екенін растады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған мәселеге байланысты журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған. Оның айтуынша, жуырда актрисамен болған әңгіме барысында даулы қамзол тақырыбы қозғалған.
Журналистің сөзінше, Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың қолындағы камзолдың расымен де түпнұсқа екенін растаған. Сонымен қатар, актриса өткен жылдары фильмнің реквизиттері мен костюмдері түрлі адамдардың қолына тарап кеткенін айтқан. Қазіргі таңда музейде сақтаулы бір ғана нұсқасы бар екені белгілі, алайда оған тиісті деңгейде күтім жасалмай отырған көрінеді.
Сондай-ақ, қамзолдың ұзақ уақыт бойы жеке адамның үйінде, сандықта сақталғаны да анықталған.
Камзолдың нақты қай жерде сақталуы тиіс деген сауалға актриса нақты жауап беруден бас тартқан. Оның пікірінше, бұл тақырып айналасында әңгіме тым көбейіп кеткен. Қазіргі уақытта, актрисаның айтуынша, назар алдымен өзіне аударылуы қажет. Себебі «Қыз Жібек» фильміне қатысқан әртістердің ішінде көзі тірі қалған жалғыз өзі екенін атап өткен.
Журналистің мәліметінше, актриса алдағы мерейтойын атап өтуге қатысты белгілі бір үміт күтіп отырғандай әсер қалдырған. Биыл ақпан айында Меруерт Өтекешева 75 жасқа толды.