Қазақстандық көрерменге жақсы таныс «Мошенники» жобасының толықметражды жалғасы 1 сәуірден бастап ел кинотеатрларында көрсетіле бастады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа фильм оқиғасы бұрын қолға түспей келген алаяқ Дамирдің тағдыры төңірегінде өрбиді. Бұл жолы ол өзіне лайық қарсылас — Маратпен бетпе-бет келіп, күтпеген жағдайда тұтқынға түседі. Осындай қысылтаяң сәтте басты кейіпкер ірі қаржылық айла-шарғысын ашып, миллиардтаған қаржыны айналдыруға бағытталған қауіпті схемасын баяндайды.
Туындыны Salem Entertainment, Start және Bas Production бірлесіп түсірген. Режиссерлік тізгін Олжас Нұрбайға сеніп тапсырылған.
Жобаның авторы, сценарисі әрі продюсері Рүстем Омаров фильмде басты рөлді өзі сомдайды. Сонымен қатар картинада Ержан Түсіпов, Бөпеш Жандаев, Дмитрий Багрянцев және Ұлбосын Шалқарова секілді актерлер ойнайды.
Авторлардың айтуынша, фильм екі негізгі мақсатты көздейді: біріншісі — киберқылмыс тақырыбына қоғам назарын аудару, екіншісі — сериалды көрмеген адамға да түсінікті, жеке оқиғасы бар сапалы кино ұсыну.
Айта кетейік, «Мошенники» сериалының алғашқы маусымдары YouTube платформасында ондаған миллион қаралым жинап, ал екінші маусым Start сервисінде қысқа уақыт ішінде миллиондаған көрерменге жеткен.
Жаңа фильм осы табысты жобаның логикалық жалғасы ретінде ұсынылып, көрерменге тың оқиға мен жаңа деңгейдегі драманы уәде етеді.