Контентке өту

Президент: Қазақстанның реформалар бағыты қайтымсыз сипатқа ие болды

Президент: Қазақстанның реформалар бағыты қайтымсыз сипатқа ие болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатқанын айтып, қазіргі жағдайда мемлекеттердің жаңа дәуірге бейімделуі үшін егемендігін нығайтып, адам әлеуетін дамытуы маңызды екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, қалыптасып жатқан жаңа әлемдік тәртіптің сипаты қарама-қайшы. Бір жағынан, ол қауіпті әрі келешегі бұлыңғыр болса, екінші жағынан прогрессивті, технологиялық және перспективті өзгерістерге жол ашып отыр.

«Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстанды жан-жақты жаңғыртудың стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны бәсеңдемей, алдағы уақытта одан әрі үдей түсуі тиіс.

«Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулі жетістік», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы реформалардың күн тәртібінде қазіргі және келешекте болуы ықтимал жаһандық сын-қатерлер ескерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады.

Мемлекет басшысы экономикадағы іргелі реформаларға да тоқталды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленіп, индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі қалыптасып келеді.

Мемлекет және шетелдік инвесторлар салған қомақты қаржының нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде жаңа өндіріс орындары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылып жатыр.

Сонымен қатар Қазақстанда коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды. Президент бұл бағыттардың халықтың тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы депутаттардың сайлауалды үгіт-насихат кезінде ел өңірлерін аралап, Қазақстанның бірте-бірте үлкен құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды құрылыс үшін қомақты инвестиция қажет екенін атап өтті.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты