Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырғанын айтты.
Президенттің сөзінше, ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мемлекет басшысы бұған Талас және Ордабасы құрылтайларын мысал ретінде келтірді.
«Талас құрылтайы алып империя – Алтын Орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл тарихи тәжірибе Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде жатқанын айғақтайтынын атап өтті. Осыған байланысты заң шығарушы органға Құрылтай деген атау берілген.
Президенттің айтуынша, бұл өткенді көксеу емес. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау және саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру.
«Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құру жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы алда ауқымды жұмыс тұрғанын айтып, Құрылтай депутаттары осы миссияны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен ұлттың және жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет ететініне сенім білдірді.