Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасының лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау үшін бірқатар рәсім өткізу қажет. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамы сайланып, оның құрылымы қалыптастырылуы тиіс.
Мемлекет басшысы Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының кандидатурасын Президент ұсынатынын атап өтті.
«Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Айбек Дәдебайдың мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет атқарғанын және мол тәжірибесі бар екенін айтты. Сондай-ақ оның білімді, отаншыл әрі адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдегенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың бұл лауазымға лайық екенін айтып, Құрылтай депутаттарынан оның кандидатурасын қолдауды сұрады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтататынын айтты.
Құрылтайдың құрылымы жасақталғаннан кейін Президент депутаттарға Вице-Президент пен Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізеді. Бұдан кейін Үкімет мүшелерін тағайындау мәселесі қаралады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жаңа лауазым – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін тағайындайтынын айтты.
Құрылтай мен Үкіметтің құрамы толық айқындалғаннан кейін Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруы қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы барлық лауазымды тұлғалар, әсіресе қызметіне жаңадан кірісетін азаматтар алдына қойылған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек екенін айтты.